Денсаулық сақтау саласы мамандарын Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев құттықтады. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Абай, Жетісу және Ұлытау жаңа облыстарын құру туралы тарихи шешімін халық қуана қабылдағанын, соның ішінде бұл Талдықорған өңірі тұрғындары үшін де елеулі жаңалық болғанын атап өтті:

- Бүгін Жетісу облысындағы алғашқы салтанатты шара Медицина қызметкері күніне арналып отыр. Мұның өзі - жақсы ырым. Баршаңызды қатар келген қос қуаныш - Жетісу облысының құрылуымен және кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! – деді Б.Исабаев.

Облыс басшысы ақ халатты абзал жандардың қашанда өз міндетін жауапкершілікпен атқарып келе жатқанын айтты.

«Әлемді жайлаған коронавирус індетімен күресте сіздер уақытпен санаспай, ерекше қажыр-қайрат таныттыңыздар. Сын сағатта мемлекет барлық қажетті шараларды қабылдады. Осындай ортақ күш жұмылдырудың арқасында індеттің беті қайтты. Дегенмен бұл салада атқарылатын шаруа әлі де көп», - деген Б.Исабаев өңір медицинасын дамытудағы алда тұрған міндеттерге қысқаша тоқталды. Солардың қатарында ана мен бала өмірін қорғау, мамандардың біліктілігін арттыру, материалдық-техникалық базаны нығайту, озық технологиялар енгізу сияқты көптеген мәселелер аталды.

- «Мейір жүректен шығады, пейіл тілектен туады» дейді халық даналығы. Адамның тәнін ғана емес, жанын да емдейтін өздеріңіздей ізгі мамандарға деген көптің ықыласы қашанда бөлек. Жетісу халқының денсаулығын нығайту жолындағы еселі еңбектеріңіз әрқашан жемісті болсын. Сіздерге ұзақ ғұмыр, мұқалмас ерік-жігер, отбасыларыңызға амандық тілеймін! – деген облыс әкімі Бейбіт Исабаев шараны сала үздіктерін марапаттау рәсімімен жалғастырды.

Атап айтқанда, Алматы облысының медицина қызметкерлері арасында өткізілген «2022 жылдың үздік медициналық қызметкері» байқауының «Емхананың үздік дәрігері» номинациясында Ескелді орталық аудандық ауруханасының дәрігері Бижамал Күлбекова, «Денсаулық сақтау саласының үздік менеджері» аталымында Облыстық кардиологиялық орталық директорының орынбасары  Асқар Шормақов қара үзіп шықса, Облыстық көпсалалы аурухананың фармацевті Махаббат Бодауова «Үздік фармацевт», Панфилов ауданаралық көпсалалы ауруханасының мейірбикесі Айжан Аймақова «Үздік мейірбике», Алакөл орталық аудандық ауруханасының фельдшері Нұрлан Уалиев «Үздік фельдшер», Облыстық жұқпалы ауруханалар ауруханасы «Үздік медициналық мекеме» атанды. Оларға 1,5 млн теңгеден 7 млн. теңгеге дейін ақшалай сыйлықтар берілді. Бірқатар азаматтар Жетісу облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен және Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен және «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Атап өтсек, бүгінгі күні Жетісу облысында 29 аурухана, 278 амбулаториялық емхана жұмыс істейді. Республикалық бюджет есебінен Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылында 250 орынды емхананың құрылысы жүргізілуде. Биыл денсаулық сақтаудың 7 нысаны салына бастады. Соның 5-еуі осы жылы іске қосылуы тиіс, 2 нысанның құрылысы келесі жылы жалғасады. Сол сияқты Қаратал аудандық орталық аурухананың «Б» блогының күрделі жөндеуін аяқтауға және аурухана аумағын абаттандыруға, сондай-ақ Сарқан ауданы Черкасск ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның күрделі жөндеуін бастауға қаржы бөлінді.