Биылғы салтанатты іс-шараның негізгі тақырыбының айтар ойы бар. «Алтын жүрек» атауы коронавирус инфекциясымен тоқтаусыз күрес кезеңінде ақхалатты мамандардың көрсеткен ерлігі мен еңбегіне арналған. Сол сияқты бұл тақырып елдің денсаулығын нығайту үшін мойнындағы борышын өтеу жолындағы абзал жандардың жанашырлығын, қамқорлығын білдіреді. Себебі соңғы 2 жылда медицина қызметкерлері COVID-19 инфекциясымен алдыңғы шепте күресті.

Салтанатты іс-шараға қала әкімі Алтай Көлгінов, ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ұлттық және республикалық ұйымдардың, қала мәслихатының өкілдері және т.б. қатысты.

Өзінің құттықтау сөзінде қала әкімі Алтай Көлгінов елорданың денсаулық сақтау жүйесін дамыту және жақсарту жолында әрбір маманның қосқан үлесіне тоқтала келе олардың коронавирус инфекциясымен күрес кезеңіндегі жұмысын ерекше атап өтті.

Денсаулық сақтау жүйесінің 30-дан астам маманы дипломдармен және төсбелгілермен марапатталды, сондай-ақ 8 номинация бойынша жеңімпаздар анықталды. Олардың әрқайсысына 1 млн теңгеден ақшалай сертификат және bestdoctor.kz медициналық ақпараттық порталының лимиттелген атаулы белгілері табысталды.

Отандық медицина жүйесінің дамуына елеулі үлес қосқан ақхалатты мамандар, қоғам қайраткерлері «Еңбек ардагері», «ҚР Денсаулық сақтау саласының дамуына қосқан үлесі үшін» және «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» медальдарымен марапатталды.

Сол сияқты Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің және ҚР Денсаулық сақтау министрінің атынан құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табыс етілді.
Биылғы мерекелік кешті елорданың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов пен оның орынбасары Әлия Рүстемова жүргізді. Олар мұндай рөлде өздерін алғаш рет сынап көрді.

Іс-шара басталғанға дейін «Жастар» сарайының бірінші және екінші қабатында «Мен және менің дәрігерім» тақырыбында фотокөрме ұйымдастырылып, онда абзал жандардың жұмыс істеп жүрген сәттері, балалар дәрігерлерінің фотосуреттері және балалар стационарларында емделіп жатқан кішкентай пациенттердің суреттері көрініс тапты. Сол сияқты перфоманс (өнер нысандары) ойлап шығарылып, онда медицина қызметкерлерінің науқастарды емдеу барысы көрсетілді.

Салтанатты жиында медицина қызметкерлері марапатталған соң кеш бағдарламасы бойынша елорда медицинасының тәуелсіздік жылдарындағы тарихы мен дамуы туралы бейнеролик көрсетілді, сонымен қатар COVID-19 пандемиясы күшейіп тұрған шақта қайтыс болған дәрігерлерді еске алуға арналған фильм қойылып, жиналған қауымды еріксіз жылатты. Жиын барысында өзге де шығармашылық және эстрадалық нөмірлер қойылды. Іс-шара жылдағы дәстүрге сай әнші, актер Нұрлан Әлімжановтың «Алтын Шипагер» әнімен аяқталды.