Оның айтуынша, биыл 5 маусымда Қазақстанда  өткен Республикалық референдум кезінде облыс бойынша 735 сайлау учаскесі жұмыс істеді, халықтың қатысуы 72,2% құрады. 


А.Мұхамбетов елді дамытудың басымдықтары және халықпен есеп беру кездесулері барысында облыс тұрғындары көтерген мәселелерді шешу қызметтің басты бағыттарының бірі болып қалатынын атап өтті. 

«Жыл басынан бастап бекітілген кестеге сәйкес, облыстың қалалары мен аудандарының тұрғындарымен кездесулер өткізілді. Әрбір тұрғын онлайн, сондай-ақ офлайн форматтарында өз сұрақтарын қоюға және ұсыныстарын білдіруге мүмкіндік алуы үшін барлық қажетті жағдайлар жасалды. Кездесу барысында барлығы 300-ге жуық сұрақ қойылып, ұсыныс көтерілді. Көптеген сұрақтарға сол жерде түсінік берілді. 115-і бақылауға алынды, оларды іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді. Халық көтерген мәселелердің басым бөлігі автомобиль жолдарын жөндеуге және салуға, білім беру мекемелерін жөндеуге, елді мекендерді абаттандыруға және сумен жабдықтауға қатысты. Олардың барлығы белгіленген мерзімдерінде іске асырылатын болады», - деді облыс басшысы.


Сонымен қатар әр өңірдегі кездесулерден кейін жеке мәселелер бойынша азаматтарды қабылдау жүргізілді. Мұндай кездесулер алдағы уақытта тұрақты түрде – жылына 2 рет өткізілетін болады.