Кездесу барысында қазақстандық дипломат Корея Республикасының Сыртқы істер министрін осы жоғары лауазымға тағайындалуымен құттықтап, оған үлкен табыстар тіледі.

Орталық Азия елдерінің барлық елшілері атынан сөйлеген сөзінде Б. Дүйсенбаев Орталық Азия өңірі Корея Республикасының сыртқы саясатында әрдайым маңызды рөл атқарғанын атап өтіп, Корея Республикасының жаңа үкіметімен жемісті ынтымақтастық құруға үміт білдірді.

Сондай-ақ, Елші биыл Қазақстан мен Корея дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуын атап өтіп жатқанын және осы кезең аралығында Қазақстан мен Корея саяси және экономикалық өзара іс-қимылда елеулі прогреске қол жеткізгенін айтты.

COVID-19 пандемиясы басталғаннан кейінгі шетелдік мемлекет басшысының алғашқы сапары болған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сеулге былтырғы мемлекеттік сапары ерекше атап өтілді.

Өз кезегінде Министр Пак Чжин құттықтаулар үшін алғысын білдіріп, Корея Республикасының жаңа үкіметінің сыртқы саясаты, сондай-ақ Орталық Азия елдерімен қатынастарды дамыту жолдары туралы айтты. Ол Сеулдің Орталық Азия елдерімен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтқысы келетінін атап өтті.

Кездесу соңында тараптар екіжақты қарым-қатынастарды дамыту үшін тығыз ынтымақтастыққа дайын екендігін білдірді.