Консультациялар барысында омбудсмендер, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес сектордың, құқық қорғау органдары жанындағы білім беру мекемелерінің өкілдері Орталық Азия мен Ауғанстандағы заманауи сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлер жағдайында әйелдердің құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс тәжірибесімен бөлісті.

Консультацияларға БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық туралы Арнайы баяндамашысы Рим Алсалем ханым қатысты. Орталық Азия елдерінің омбудсмендерінен басқа Түркияның Бас омбудсмені, Әзірбайжандағы адам құқықтары жөніндегі Уәкіл, ҚР Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы қатысты.

Консультациялар қорытындысы бойынша қатысушылар білім беру және гуманитарлық жобаларды іске асыруды жалғастыруға, омбудсмендердің қақтығыс аймақтарына бірлескен сапарларын ұйымдастыруға, ҚР Қорғаныс министрлігінің бітімгершілік бастамаларды қолдау орталығының тәжірибесі бойынша симуляциялық тренингтер жоспарлауға келісті. Сондай-ақ, БҰҰ-ның «Әйелдер. Әлем. Қауіпсіздік» күн тәртібі бойынша қарарларын имплементациялау жөніндегі ұлттық іс-қимыл жоспарларының іске асырылуына талдау жүргізу ұсынылды.