Өз сөзінде ҚР Тұрақты өкілі Ерлан Әлімбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан кең ауқымды реформалар туралы хабарлап, оларды жүзеге асыруда заңның үстемдігі және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау негізгі басымдық болып табылатынын атап өтті.

Іс-шара еліміз 2021 жылы ратификациялаған Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Екінші Факультативтік хаттаманың Қазақстан үшін 2022 жылғы 24 маусымда күшіне енуіне орайластырылды.

Қатысушылар пікір алмасу барысында Жаңа Қазақстанды құрудағы конституциялық реформалардың маңыздылығын егжей-тегжейлі талқылап, оларды мемлекеттің саяси жүйесін жетілдіру мен қоғамды демократияландыру жолындағы маңызды қадам деп атады. Сарапшылар Конституцияға өзгерістер, оның ішінде өлім жазасына тыйым салатын түзетулер туралы ұлттық референдумның қорытындыларын оң бағалады.

Іс-шараға Швейцария Конфедерациясының бұрынғы президенті және Комиссия вице-президенті Рут Дрейфус, сондай-ақ Швейцария, Тәжікстан, Сьерра-Леоне, Еуроодақ, Түрікменстан, Малайзия, Ұлыбритания, Өзбекстан, Аустралия, Пәкістан және Мексика өкілдерін қоса алғанда, әлемнің барлық өңірлерінен делегациялар қатысты.