«Өткен жылы 10 ферма іске қосылды. Биыл тағы 11 кешен салынуда. Осы жылы тағы 8 нысанның құрылысы басталады. Барлығы 2 мыңнан астам ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылмақ. Бір ауылда ашылған ферма жыл сайын 30 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Яғни, 30 отбасының табысы өседі. Жаңа фермалардың арқасында ұйымдасқан шаруашылықтарда 5 жылда сүт өндірісі 30%-ға өсіп, 227 мың тоннаға жетті», - деді спикер.


Сонымен қатар 5 жылда облыста сүтті қайта өңдеу 55%-ға, етті өңдеу 50%-ға өсті. 


«Елімізде осы күнге дейін сырттан әкелінетін сүт өнімдері бар. Мысалы, ірімшік. Қазақстанда жыл сайын 23 мың тонна ірімшік өндірілсе, осыншама көлем импортталады. Облыста импортты алмастыру үшін осы өнімнің өндірісі өсуде. 2021 жылы өңірде  ірімшік өндірісі 2300 тоннаны құрады. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 43%-ға көп. Өңірде жылына 2,5 мың тонна ірімшік өндіруге бағытталған «Евразиан милк» жаңа сүт зауыты іске қосылды. Инвестор жобаға 13 млрд теңге инвестиция құйды. Сондай-ақ қосымша 120 жұмыс орны ашылды. Жалпы, 2021 жылы өндірілген сүттің 55%-ға өңдеуге жіберілді. Жаңа зауыттың іске қосылуымен бұл үлес 60%-ға жеткізіледі», - деді облыс әкімі.


Қ.Ақсақалов өткен жылы елімізде құс етінің сұранысы 427 мың тоннаны құрағанын атап өтті. Бұл көлемнің 64%-ын отандық құс фабрикалары қамтамасыз етті. Қалғаны импорт.

Солтүстік Қазақстанда жүзеге асып жатқан инвестициялық жобалар импортты азайтпақ. «Қазір облыста үш бройлер құс фабрикасы салынып жатыр. Оның екеуі жыл соңына дейін іске қосылады. 200-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Облыстың құс етіне деген қажеттілігі - 8,5 мың тоннаны құрайды. Қазір өңірде 2,5 мың тонна шығаратын бір құс фабрикасы бар. Үш жаңа фабриканың қуаттылығы - 16 мың тонна. Яғни, облыстың қажеттілігін толық жауып, басқа өңірлерді өніммен қамтамасыз етеміз», - деді өңір басшысы. 


Оның айтуынша, өңірде аграрлық секторда атқарылып жатқан жұмыс көлемі ауқымды. Осының арқасында биыл ауыл шаруашылығының жалпы көлемі 1 трлн теңгеге жеткізілмек.