Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы басқарма төрағасының орынбасары Ерлан Тасбаев «Технологиялар мен үздік тәжірибелерді ілгерілету, бизнес пен инвестицияларды дамыту арқылы Қазақстанның жасыл экономикаға жедел көшуіне жәрдемдесу» бюджеттік бағдарламасын іске асыру туралы есебінде озық қолжетімді техникалар (ОҚТ) бойынша анықтамалықтарды әзірлеу кезінде 446 ұйымның сарапшылары тартылғанын атап өтті.

Сондай-ақ, ағымдағы жылы келесі бағыттар бойынша Кешенді технологиялық аудит жүргізуге 6 шарт жасалды: көмір өндіру және байыту – 2 кәсіпорын, жұқа органикалық синтез бен полимерлер өнімдерін өндіру – 1 кәсіпорын, мұнай және табиғи газ өндіру – 1 кәсіпорын, тау-кен металлургия кешені – 2 кәсіпорын. КТА жүргізуге 4 тәуелсіз сарапшы тартылды.

Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зулфухар Жолдасов өз баяндамасында республикадағы экологиялық проблемалар, сондай-ақ оларды жою бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.

Мәселен, Атырау мұнай өңдеу зауыты «Тухлая балка» булану алаңдарын қалпына келтіре бастады. Сондай-ақ, Атырау қаласының сол жағалауында биыл жаңа кәріз-тазарту құрылыстары пайдалануға беріледі.

Ақтөбе облысында ферроқорытпа зауытында цехтарды жаңғырту және қайта құру бойынша жобаны іске асыру басталды, нәтижесінде зиянды шығарындылар 30%-ға азаяды.

Қарағанды облысында қол қойылған меморандумға сәйкес «АрселорМиттал Теміртау» 2025 жылға дейін атмосфераға шығарындыларды 30%-ға төмендетуге міндеттенеді, сонымен қатар Теміртау қаласының айналасында 500 мыңға жуық ағаш отырғызылады.

Маңғыстау облысында «Қошқар ата» тарихи ластануын жою басталды. Аяқталуы 2025 жылға жоспарланған. Бұдан бөлек, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялар тобы 2024 жылға дейін 2,5 млн.тонна мұнай қалдықтарын жою және кәдеге жарату жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Қазір 579 мың тонна жойылды.

З.Жолдасов қатысушылардың назарын жол картасында көрсетілген мерзімдерді орындауға аударды: «Өңірлердегі экологиялық проблемаларды шешу олардың қысқа мерзімді перспективада орындалуын талап ететінін ескере отырып, жол карталарын белгіленген мерзімде орындау бойынша түбегейлі шаралар қабылдау қажет деп санаймыз».

Отырыс соңында Қоғамдық кеңес мүшелері үкіметтік емес сектормен жұмысты күшейту бойынша және өңірлерде жол карталарын тыңдауды өткізуді хабардар ету туралы ұсынымдар берді.