30 маусым, бейсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин құрылыстың ағымдағы барысымен танысты.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені қарқынды дамып келе жатқан Батыс-2 шағын ауданында тұрғызылуда. Нысан келер жылы пайдалануға берілмек. Кешеннің жалпы аумағы 4800 м2. Мұнда спорт залдарынан бөлек аумағы 25х16 метр болатын бассейн болады. Түрлі спорттық тәртіп бойынша жарыстарды тамашалауға арналған 200 көрермен орындығы бар әмбебап зал да қарастырылған. Мамандандырылған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде мүмкіндігі шектеулі жастың да, ересектің де денсаулығына сай әбден икемделген. Мәселен, бассейнде арбаны түсіретін арнайы орын бар.
Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаровтың айтуынша, бұл кешенді республикалық ауқымда бірегей деп айтуға болады. Оны пайдалануға беру арқылы ересектер мен мүмкіндігі шектеулі балаларды дене шынықтырумен және спортпен қамту айтарлықтай артады. Сондай-ақ кешенде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубы орналасады. Аталмыш спорт клубының спортшылары биыл Бразилиядағы беделді Сурдлимпиада ойындарының қатысушылары мен жеңімпаздары атанды.
Кешеннің жалпы құны – 2,1 млрд. теңге. Облыс әкімі «Интерстиль» ЖШС мердігер мекемесінің сол нысанды салып жатқан өкілдерімен әңгімелесіп, осы нысанның маңыздылығын атап өтті және құзырлы мемлекеттік органдарға құрылысты қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Айта кету керек, қазіргі таңда Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған үлкен оңалту орталығы салынуда. Ол Есет батыр атындағы тұрғын үй алабында орналасқан және 2023 жылы ашылады.
Үстел теннисі орталығының құрылысы мен жарақтандыру жұмыстары да аяқталуға жақын. Спорттық нысанды биыл қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланған.
Құрылысты салып жатқан компания - «West build» ЖШС-нің өкілі ​ Алексей Холод ​ жұмыс уақытында аяқталады деп сендірді. Орталықтың барлық корты сертификатталған еуропалық жабдықтармен жарақтанатын болады. Бұл түрлі жастағы кәсіби спортшыларды осында даярлап, халықаралық, әлемдік деңгейдегі жарыстарды осында өткізуге ​ мүмкіндік береді.
Облыс әкімі қалада жұмыс жасап жатқан теннис секцияларының жабылмайтынын атап өтті.
«Біздің мақсатымыз – азаматтардың спорт инфрақұрылымы нысандарына жақын жерден қол жеткізуін қамтамасыз ету», деді О.Оразалин.