Осы жылдың көктемінде ауылдық, аудандық, облыстық (қалалық) деңгейлерде және күш құрылымдарының өкілдері арасында іріктеу кезеңдері өткен болатын. Жарысқа бес мыңға жуық спортшы қатысып, 36 адам финалға жолдама алды.

Мақсат Исағабылов Қазақ күресінен «Қазақстан барысы» ХІ республикалық турнирінің жеңімпазы атанды. Оған 25 миллион теңге, сондай-ақ алтын белбеу мен ауыспалы алтын «Тайтұяқ» табыс етілді. Марапаттау рәсіміне ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев және Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қатысты.

ҚР вице-премьері «Қазақстан барысы» жобасының маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, мектеп бағдарламасы аясында оқушылар спорттың осы түрімен белсенді айналысып келеді.

«Бүгінгі таңда 148 мың қазақстандық қазақша күреспен кәсіби айналысады. 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласының 23 мектебінде қазақша күрес дене шынықтыру пәнінің бағдарламасына енгізілді. Онда оқушылар ұлттық спорт түрімен шұғылданады. Қажымұқан бабамыздың ісін жалғастырушыларға сәттілік тілеймін және тамаша спорттық мерекенің куәгері болайық», - деді Ералы Тоғжанов.

Дәурен Абаев турнир салауатты өмір салтын насихаттауға және ұлттық спорт түрлерін дамытуға бағытталғанын атап өтті.

«Жарысқа қатысушылар еліміздің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған ұлдардың кумиріне айналатынына сенімдімін. Жарысқа қатысушыларға сәттілік және жаңа жеңістер тілеймін», - деді министр.

Нұрдәулет Жарылғапов күміс жүлдегер атанды. Ол 5,5 млн теңге және Күміс белбеу иеленді. Қола белбеу Ғалымжан Қырықбайға бұйырды. Оған 1,8 млн теңге берілді.