«Биылғы ҰБТ-ның маңызды артықшылықтарының бірі оны тапсыруға екі мүмкіндік беріліп, тестіленуші ең жақсы нәтижені грант иелену үшін конкурсқа жолдай алады. Сонымен бірге екі мүмкіндікте де бір бейіндік пәндер комбинациясын таңдады. Жалпы негізгі ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 290 мыңға жуық өтініш келіп түсті, олардың ішінде 160 мың өтініш бірінші мүмкіндікке, 130 мың өтініш екінші мүмкіндікке берілген. ҰБТ қорытындысы бойынша 154 мың талапкер екі мүмкіндікті есептегенде 276 мың рет тест тапсырылды», - деді спикер. 


Ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлердің тестілеуді ыңғайлы тапсыруы үшін ҰБТ тапсыру уақыты 40 минутқа ұзартылды. Олар үшін сызба және диаграммаларсыз сұрақтар жасалды. Қабылданған шаралар арқасында ерекше білім беру қажеттіліктері бар тестіленушілер саны артып келеді. Егер 2021 жылы негізгі ҰБТ-ға 90 бала қатысса, биыл олардың саны 811 жетті.

«Тест тапсыру тіліне келетін болсақ, түлектердің 76%-ға жуығы қазақ тілінде, 24% - ы орыс тілінде, 0,1%-ы (213 бала) ағылшын тілінде тестілеуден өтті. Тестілеу бес пән бойынша өткізілді: үш міндетті және екі бейінді. Тест тапсырмаларының саны 120. Тестілеу ұзақтығы – 4 сағат (240 минут)», - деді Джарасова.