Президенттің пікірінше, отандық өнімнің экспортқа қауіпсіз әрі үздіксіз шығарылуын қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Мемлекет басшысы еліміздің Орталық Азия аймағындағы көшбасшылығын сақтап, Қазақстанды сенімді транзиттік хаб ретінде дамыту керек екенін айтты.

Кеңесте теміржол саласын жаңғырту, теңіз және автокөлік тасымалдарын оңтайландыру жобалары қаралды. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясын ұлттық көлік-логистикалық компанияға трансформациялау, сондай-ақ отандық порттарды Каспий теңізінің жетекші хабтарының біріне айналдыру бойынша міндеттер қойылды.

Мемлекет басшысы мұнай тасымалдау ісін әртараптандыруды тағы бір маңызды міндет ретінде атап өтті.

«Транскаспий бағдары басым бағыт саналады. «ҚазМұнайГазға» оны жүзеге асырудың оңтайлы нұсқасын, соның ішінде Теңіз жобасының инвесторларын тарту мүмкіндігін пысықтауды тапсырамын. Үкімет «Самұрық-Қазынамен» бірлесіп, Атырау – Кеңқияқ және Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларының қуатын арттыру жөнінде шаралар қабылдауы қажет», – деді Президент.

Осы мұнай тасымалдау ісін әртараптандыру мәселесі қоғамда және әлемде үлкен қызығушылық тудырды. Осыған байланысты Президенттің Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай өткен іс-шара және осы мәселеге қатысты Қазақстанның ұстанымы бойынша түсініктеме берді.

«Бұл жерде, ең алдымен, геосаяси тұрақсыздық жағдайында Қазақстан көмірсутегін халықаралық нарықтарға жеткізу бағыттарын әртараптандыру туралы сөз болып отыр. Жиында жаңа көлік дәліздерін ашу мәселесі талқыланды. Бұл бір күндік жұмыс емес, ұзақ мерзімді жоспар. Шын мәнінде, қабылданған шешімдердің ешқандай саяси астары жоқ. Ресей біздің стратегиялық серіктесіміз әрі одақтасымыз болып қала береді. Оның мүддесіне нұқсан келтіретін қандай да бір іс-әрекеттерге жол берілмейді. Қазақстан тарапына қатысты да осындай әрекеттер жасалмайды деп үміттенеміз», - делінген хабарламада.