Тұрғындар саны 50-ден 500 адамға дейінгі ауылдарда медициналық пункттер ашу, халық саны 500-ден 1500 адамға дейін (бұрын 800-ден 1500-ге дейін болған) елді мекендерде фельдшерлік-акушерлік пункттер құру көзделеді.

Ең маңыздысы, желінің жаңа нормативін енгізу нәтижесінде 502 медициналық пунктті ФАП - қа, 185 дәрігерлік амбулаторияны МСАК орталықтарына қайта ұйымдастыру белгіленген. Осы өзгерістер аясында 500-ден астам орта медициналық қызметкерлер, фельдшерлер мен акушерлер пайда болады, бұл ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Халық саны 1500-ден 5000 адамға дейін (бұрын 1500-ден 10 000-ға дейін болған) елді мекендерде дәрігерлік амбулаториялар ашылады, сондай-ақ 5000-нан астам тұрғын тұратын ауылдарда МСАК орталықтары құрылатын болады. Жаңа енгізілімдер жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша дәрігерлік амбулаториялардың учаскелерін кеңейтуді көздейді.

Ауыл халқына уақтылы шұғыл медициналық көмек көрсету, "алтын сағат" қағидатын сақтау және жаңа медициналық технологиялардың қолжетімділігі мақсатында Көп бейінді ауданаралық ауруханалар Көп бейінді орталық аудандық ауруханалар (КОАА) болып қайта құрылатынын атап өткен жөн.

Түрлендірілген КОАА базасында мынадай қызметтер жұмыс істеуі тиіс: инсульт орталығы, аз инвазивті кардиологиялық орталық (ТКА орталығы), медициналық оңалту, Травматология және ортопедия, хирургия, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелері, перинаталдық орталық немесе босандыру бөлімшесі, триаж жүйесі бар қабылдау бөлімшесі, жоғары технологиялық жабдықпен (КТ, МРТ, ангиографтар) жарақтандырылған тәулік бойы жұмыс істейтін клиникалық зертхана).

Аталған медициналық ұйымдар бірнеше ауданның тұрғындарына қызмет көрсететін болады, бұл шалғай аудандар мен ауылдардың тұрғындары үшін мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмек көрсету департаменті директорының орынбасары Гүлнар Сәрсембаеваның айтуынша, жұмыс істеп тұрған 12 Көпбейінді аудандық орталық аурухана медициналық жабдықтармен (КТ, МРТ, ангиограф, сараптамалық кластағы УДЗ аппараты, реанимация, операциялық бөлімшелер үшін жабдықтар және т.б.) қосымша жабдықтау бөлігінде жаңғыртылатын болады. Сонымен қатар, көрсетілетін қызметтер спектрін кеңейту мақсатында кадрлармен қамтамасыз ету, мамандарды оқыту және қайта даярлау мәселелері шешілетін болады.

Ол бүгінгі таңда қолданыстағы 12 КОАА және жоспарланған 20 КОАА кадрлық ресурстар мен медициналық жабдықтарға қажеттілік анықталғанын, болжамды қаржылық шығындар есебі жүргізілгенін атап өтті.

Ведомствода атап өткендей, жаңа аудандық ауруханалар өңірлердегі медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасының алшақтығын қысқартуға, қалалық және ауылдық денсаулық сақтау арасындағы дисбалансты жоюға, тиімді медициналық технологиялардың өңірлік деңгейге трансфертін енгізуге және жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Жоғарыда айтылғандардан басқа, қабылданған өзгерістерге сәйкес стационарлық ұйымдар, атап айтқанда инфекциялық, онкологиялық және перинаталдық орталықтар бойынша дербес стационарлар ретінде де, көп бейінді ауруханалар құрамында да жұмыс істеу көзделеді.

23

Жарияланған күні

07 шілде 2022 - 19:05

Жаңалықтарға жазылу