Жұмыс сапары аясында министр Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейіне барып, Митрополит округі Түркістан епархиясының 150 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған «Ежелгі орыс өнері» көрмесіне қатысты. Онда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды.
Мемлекет басшысы атап өткендей, Митрополит округі епархияның ісін лайықты жалғастырушы ретінде, ағартушылық және қоғамдық жұмыстармен белсенді айналысып, дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттап, этносаралық және конфессияаралық диалогты дамытуға үлес қосып жүр.
Бұған қоса көрмеде Ә.Қастеев атындағы музей қорынан алынған XVII-XIX ғасырдағы шіркеу өнері жинағының тұсауы кесілді.
Сапар аясында А.Омаров Алматы қаласындағы Жастар ресурстық орталығында болып, мекеменің тыныс-тіршілігін көріп, министрліктің жастарға арналған оқыту бағдарламалары және жастар саласында жұмыс істейтін қызметкерлердің мәртебесі төңірегінде сөз қозғады.
Сондай-ақ министр «Еріктілер лигасы» қозғалысының өкілдерімен, «Жайдарман» қозғалысының қатысушылары және ұйымдастырушыларымен кездесті. Әңгіме волонтерлікті дәріптеу, «Жайдарман» ойындарын одан әрі дамыту, сондай-ақ, жастарды тәрбиелеу туралы болды.
Асқар Омаров жастар ресурстық орталығы базасындағы қазақ stand up-ты дамытуды көздейтін «J-club» жобасы, CAD модельдеуге оқыту, 3D прототиптеу, графикалық дизайн, монтаждау негіздерімен айналысатын «Innovation HS» және де арт-терапияны қолдана отырып, нашар еститін балалармен жұмыс істейтін «Ел-Назы» мекемелерімен танысты.