Оның айтуынша, ауыл шаруашылығында 7 мың километрден астам суару желілерін реконструкциялау, 212 каналдағы суды есепке алуды цифрландыру және 16 гидротехникалық құрылысты реконструкциялау арқылы 2025 жылға қарай суару кезіндегі нормативтік емес су шығындары 4 текше километрге қысқартылатын болады. 2021 жылы 212 каналдың 23-і цифрландырылды және ағымдағы жылы 89 канал цифрландырылады.


«Бүгінгі күні суару жүйесінде ұзындығы 21,5 мың км шамамен 3,5 мың магистральдық және шаруашылықаралық каналдар бар, олардың 55% астамы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Бұл соңғы тұтынушыларға суды тасымалдау кезінде жоғары шығындардың негізгі себебі болып табылады. Каналдарды қайта жаңарту бойынша жұмыс тұрақты негізде жүргізілуде. Мәселен, 2019-2020 жылдары 1734 км канал жөнделіп, 111,5 мың га суармалы жер айналымға енгізілді. 2021 жылы 78 мың га суармалы жерді айналымға енгізу үшін 1050 км каналды қайта жаңғырттық. 5 жыл ішінде 8 облыста 120 канал жалпы сомасы 221 млрд. теңгеге қайта жаңғыртылады, оның ішінде республикалық бюджеттен 188 млрд теңге және бюджеттен тыс 34 млрд теңге  бөлінеді», - деді спикер.


Бүгінгі күні 19 жобалық-сметалық құжат дайын, оның ішінде: Атырау облысы бойынша 5 және Түркістан облысы бойынша 14. 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет шеңберінде 4,5 млрд теңге сомасында 4 каналды іске асыруға қаражат көзделген.


«Жалпы алғанда, 120 каналды қайта жаңарту 2025 жылға қарай суармалы алқапты 2,2 млн гектарға дейін жеткізуге және жыл сайын 800 млн м3 суармалы судың шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Қабылданған шаралар сондай-ақ ауылда 120 мың жұмыс орнын құруға және жыл сайын 510 млрд теңге сомасына өнім өсіруге ықпал ететін болады. Қазіргі уақытта мемлекеттік инвестициялық жоба 120 канал бойынша әзірленуде, содан кейін экономикалық қорытынды алу үшін ҚР ҰЭМ қарауына енгізілетін болады», - деді Су ресурстар комитетінің өкілі.