Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев Ляонин өлкесінің Халық үкіметі мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының Тату көршілік, достық және ынтымақтастық жөніндегі комитеті ұйымдастырған «Орталық Азия - Қытай» ынтымақтастығы бойынша 9-шы Форумның жұмысына қатысты. Биылғы форумның тақырыбы «Баршаға ортақ жарқын болашақ үшін өзара тиімді ынтымақтастық негізінде сын-қатерлерге бірлесіп қарсы тұру» болып белгіленді.

Іс-шараның қонақтары мен қатысушылары Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының Тұрақты комитеті (БХӨЖ ТК) Төрағасының орынбасары, ҚХР Бүкілқытайлық әйелдер федерациясының төрайымы Шэнь Юэюэ, Ляонин өлкесі Партия комитетінің хатшысы, Халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің Төрағасы Чжан Гоцин, ҚХР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ма Чжаосюй, ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин, Қытайдағы аккредиттелген Орталық Азия елдері дипломатиялық миссияларының басшылары мен қызметкерлері, сондай-ақ Қытайдың орталық мемлекеттік органдары, ғылыми-зерттеу құрылымдары, іскерлік топтары мен БАҚ өкілдері болды.

Форумның ашылу салтанатында сөз сөйлеу кезінде Ш. Нұрышев өткен 30 жыл ішінде Орталық Азия мемлекеттері мен Қытай арасындағы өзара қарым-қатынастар стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейіне жетіп, өңірдің қолайлы дамуы мен гүлденуіне ықпал еткенін және құрмет, теңдік пен өзара тиімді ынтымақтастыққа негізделген жаңа түрдегі мемлекетаралық қатынастардың үлгісі болғанын атап өтті.

Сонымен қатар, қазақстандық дипломат еліміздің транзиттік-көліктік бағыттарын одан әрі әртараптандыруға және интеграцияланған логистикалық шешімдерді енгізуге, оның ішінде Қазақстан арқылы жаңа теміржол дәліздерін ашуға мүдделілігін білдірді.

Өз сөзінде Ш. Нұрышев еліміздің жаңа инвестициялық саясатын жүзеге асыру арқылы Қазақстанның шетелдік инвесторларды жан-жақты қолдауға дайын екендігін мәлімдеді. Осы тұрғыда екі ел арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға серпін беретін 2022 жылғы 8 шілдеден бастап ҚХР азаматтары үшін енгізілген 14 күндік визасыз режим туралы ақпараттандырды.

Ашылу салтанатында БХӨЖ ТК Төрағасының орынбасары Шэнь Юэюэ сөз сөйледі, ол Қытай әрдайым Орталық Азия мемлекеттерінің достас көршісі және сенімді серіктесі болып қала беретінін атап өтті, сондай-ақ ҚХР өңірдің елдерімен ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін барынша күш-жігер салуға дайын екенін білдірді.

Форум аясында әйелдерді дамыту бойынша «ҚХР мен Орталық Азия қарым-қатынасының 30 жылдығы» кіші форумы және цифрлық экономика, ауыл шаруашылығы, білім беру мәселелері бойынша пленарлық сессиялар өткізілді.

Әйелдерді дамыту жөніндегі кіші форумда бейне байланыс арқылы ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссиясының төрайымы Аида Балаева сөз сөйледі. Ол Қазақстан гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі саясатындағы жаңа үрдістерді атап өтті, сондай-ақ қатысушыларға осы саладағы реформалар кешенінің жүзеге асырылуы туралы айтып берді.

Сонымен бірге, аталған кіші форумда «Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының» РМК Бас директоры, QazVac қазақстандық вакцинаны әзірлеуші Күнсұлу Закария сөз сөйлеп, ғылым мен жалпы даму саласындағы әйелдердің маңызды рөлін атап өтті. Ол қазақстандық институттың Қытай ғалымдарымен тығыз байланыстарын атап өтті және өңірдің биологиялық қауіпсіздігін нығайту мақсатында ынтымақтастықтың алдағы перспективалары туралы айтты.

Бұдан бөлек, пленарлық сессиялардың бірінде ҚХР-дағы «Kazakh Invest» Бас өкілі Қуаныш Амантай іс-шараға қатысушылар үшін Қазақстанның инвестициялық климаты, елімізде инвестициялық жобаларды іске асырудың басымдықтары және шетелдік инвесторларға көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпаратпен таныстырды. Ол сондай-ақ қытайлық кәсіпкерлердің 14 күндік визасыз режим аясында Қазақстанға іскерлік сапарларын жүзеге асыру мүмкіндігін мәлімдеді. «Kazakh Invest» өкілі Ляонин өлкесі және Далянь қаласының компаниялары және кәсіпорындарымен тығыз ынтымақтастық орнатуға үміт білдірді.

9-шы Форумның қорытындысы бойынша ортақ сын-тегеуріндерге қарсы тұру және өңірдің гүлденуі үшін өзара тиімділік пен өзара құрмет негізінде практикалық ықпалдасуды нығайтуға шақыратын бірлескен Бастама мақұлданды.

«Қытай-Орталық Азия» ынтымақтастық форумы 2012 ж. Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы өзара ықпалдасуды тереңдету және ынтымақтастық тетіктерін дамыту үшін диалогтық алаң ретінде құрылды. Құрылтай форумы 2012 ж. 7 мамырда Чжэцзян өлкесінің (ҚХР) Тунсян қ. өтті.