Екі ел арасындағы келіссөздер берік тарихи байланыстарды және архив ісі саласындағы өзара тығыз іс-қимылды көрсететін достық әрі өзара құрмет жағдайында өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ресей архивтерінің 2022-2024 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары бекітіліп, комиссия отырысының хаттамасына қол қойылды.
Күннің екінші жартысында Қазақстан Республикасының төрағалығымен Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Әзірбайжан, Белоруссия, Қырғызстан, Тәжікстан, Армения архив саласы өкілдерінің қатысуымен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік архив қызметтері басшыларының Консультативтік кеңесінің 18-ші отырысы өтті.
Отырыс барысында барлық қатысушылар еліміздегі архив ісінің жай-күйі туралы, оның ішінде қабылданған нормативтік құқықтық актілер, ақпараттық жүйелер мен электрондық архивтік қызметтерді енгізу, халықаралық ынтымақтастық және архив саласының материалдық-техникалық жарақтандырылуы туралы ақпаратпен танысты.
Сонымен қатар, 2020-2021 жылдардағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердегі архив ісінің жай-күйі мен дамуы туралы талдамалық шолу туралы ақпараттар (құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету және есепке алуды, архив қорларының құжаттарына ғылыми-анықтамалық аппарат жүйесін ұйымдастыру, архив құжаттарын пайдалану және оларға қол жеткізу, мұрағаттарды ақпараттандыру) баяндалды.
Шетелдік тараптар архив құжаттарының сақталуын қамтамасыз ету, оларды реставрациялау және электрондық форматқа көшіру мәселелері бойынша тәжірибелермен бөлісті.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш еліміздің архив саласының жетістіктерін, оның ішінде нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, мемлекеттік және ведомстволық архивтер қызметінің процестерін автоматтандыруды қамтамасыз ететін «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесін енгізу барысы туралы тоқталып өтті.
ТМД елдері азаматтарының әлеуметтік сұраныстарын қанағаттандыру мен құқықтарын қорғау мақсатында кеңеске қатысушы елдердің архившілері «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жеке құрамы бойынша құжаттарды сақтау орындары туралы» деректер базасына қосылу бойынша ақпараттық өзара іс-қимыл жолдарын анықтады.
Халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және «Архив-2025» жобасын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың кешенді жоспары шеңберінде Консультативтік кеңестің қатысушыларымен Қазақстан тарихы бойынша шетелдік архивтердегі құжаттарды анықтау мен сатып алу және ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасында архив құжаттарымен алмасуға арналған өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Басқосудың екінші күні - 15 шілдеде Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен 28 гвардиялық-панфиловшылар атындағы саябақта Ұлы Отан соғысында қаза болғандары еске алу мақсатында Даңқ Мемориалының жанындағы Мәңгілік алауға гүл шоғы қойылды.
Халықаралық іс-шара аясында шетелдік делегаттар Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің және Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің жұмыс барысымен және Ұлттық архив қорының тарихи құжаттарынан әзірленген көрмемен танысты.