Альбертаның Ауыл, орман шаруашылығы және ауылдық аудандарды экономикалық дамыту министрі Нэйт Хорнермен кездесу барысында Альберта компанияларымен Қазақстанның аграрлық секторының өнімділігін арттыруға, атап айтқанда, мал шаруашылығы саласында және өзара қызығушылық тудыратын бағыттар бойынша ынтымақтастықтың одан әрі перспективаларына бағытталған бірлескен жобалар талқыланды. Қазақстан мен Альберта арасындағы ынтымақтастық климаттық жағдайлардың ұқсастығына байланысты табиғи артықшылықтарға ие екендігі атап өтілді. Канада министрлігін екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыс тобының қызметіне белсенді тарту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Жұмыспен қамту, экономика және инновациялар министрі Дуг Швайцермен Қазақстан мен Альберта арасындағы энергетика, ауыл шаруашылығы, инновациялар және білім беру саласындағы сауда-экономикалық қатынастар мен технологиялық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Қазақстанның өңірлері мен провинцияның деңгейінде ресми және іскерлік делегациялармен алмасу, сондай-ақ «Қазақстан-Канада» іскерлік кеңесінің жұмыс топтарының отырыстарына қатысу бойынша бірлескен жоспарлар белгіленді.

Канада-Еуразиялық сауда палатасы (CECC) мен Альбертадағы ҚР Құрметті консулы – «Condor Energies» энергетикалық компаниясының президенті Дон Стрюдың қолдауымен Қазақстанда жұмыс істейтін және елімізде бизнесті дамытуға мүдделі компаниялар үшін брифинг ұйымдастырылды. Іс-шараға энергетика, көлік, құрылыс және өндіріс секторлары компанияларының 20-ға жуық өкілдері қатысты. Брифинг қатысушыларына Қазақстандағы бизнесті дамыту мүмкіндіктері, Үкіметтің шетелдік инвесторларды қолдау жөніндегі шаралары, еліміздің экономикалық дамуының ағымдағы жағдайы, сондай-ақ іскерлік ортаны жақсартуға бағытталған реформалармен таныстырылды.