Денсаулық сақтау вице-министрі өз сөзінде ҚР ДСМ Денсаулық сақтау саласындағы Қазақстан-Израиль ынтымақтастығына ерекше мән беретінін атап өтті.
"COVID-19 пандемиясы біздің елдеріміздің өзара іс-қимылы мен бір-біріне өзара қолдау қажеттілігін көрсетті. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі пандемияның алғашқы күндерінен бастап Израильдің Денсаулық сақтау министрлігімен эпидемиологиялық жағдай және қабылданып жатқан ден қою шаралары туралы ақпарат алмасу бойынша белсенді жұмыс жүргізуде", - деді А.Есмағамбетова.
Сондай-ақ, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі израильдік компаниялармен ынтымақтастықты жандандыру, атап айтқанда, қазақстандық дәрігерлер мен медициналық қызметкерлерді сұранысқа ие мамандықтар бойынша даярлау және т. б. бойынша екіжақты кездесулер өткізеді.
Қазіргі уақытта Израильдің жетекші университеттерімен, академиялық медициналық орталықтарымен және клиникаларымен білім беру және ғылыми қызмет саласындағы ынтымақтастық пен стратегиялық серіктестікті дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.
"Денсаулық сақтау саласындағы Қазақстан-Израиль ынтымақтастығының маңыздылығын ескере отырып, 1995 жылғы 27 желтоқсанда ратификацияланған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Израиль Мемлекетінің Үкіметі арасындағы денсаулық сақтау және медицина саласындағы ынтымақтастық жөніндегі келісімді өзектендіру мүмкіндігін қарастыру орынды деп санаймыз", - деп атап өтті вице-министр отырыс барысында.
Сонымен қатар, А.Есмағамбетова ағымдағы эпидемиологиялық ахуал және оны тұрақтандыру бойынша жүргізіліп жатқан шаралар бойынша ақпарат алмасуды жалғастыру; сұранысқа ие мамандықтар бойынша қазақстандық дәрігерлер мен медициналық персоналды даярлау бойынша ұсыныстар айтты.
Бұдан басқа, медициналық білім беру және ғылыми қызмет саласындағы стратегиялық әріптестік, сондай-ақ фармация және фармацевтика өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Сөз соңында денсаулық сақтау вице-министрі Израиль тарапына денсаулық сақтаудың өзекті мәселелерін шешуге және халықтың денсаулығын нығайту саласындағы ынтымақтастыққа көмек көрсеткені үшін алғысын білдірді.