Өкінішке орай, жұмыс 2019 жылдан бастап қаржы бекіту, мердігер компанияны таңдау бойынша ұзақ рәсімделіп, кейінге қалдырылды.

«Жүйені былтыр шілдеде енгізу жоспарланған еді. Дегенмен, ақпараттық жүйе жұмысын тестілеу, оның дайын еместігін көрсетті. «KPMG» тәуелсіз жобалық кеңсесі бағалап, тек 60% ғана іске асырылғанын көрсетті. Сонымен қатар 2,5 млрд теңге бюджет қаражаты Қазынашылық комитетінің шотында, өйткені мердігер міндеттемесін орындамады, сондықтан ақы төлеу жүргізілмеген. Өз кезегінде, құрылып жатқан «Kaznedra» жер қойнауын пайдалану бірыңғай платформасы шеңберінде осы ақпараттық жүйені одан әрі іске асыру туралы шешім қабылданды», - деді министр.

С. Брекешевтің айтуынша, бұл - ведомствоаралық платформа, ол жер қойнауын пайдаланушы мен мемлекеттік органдарды байланыстыруы тиіс. Қазір Цифрлық даму министрлігімен жұмыс жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін тестілік режимде бірқатар компоненттер жұмыс істейтін болады. Осы платформаны енгізу мәселесі ерекше бақылауда.

Сонымен қатар инвесторлар геологиялық ақпаратқа ашық қол жеткізу үшін кешенді сервистік қолдау көрсететін Ұлттық геологиялық қызмет құрылды. Қор қоймасын, 2 керн қоймасын салу, 4 керн қоймасын жөндеу жоспарланған, сондай-ақ деректерді өңдеу орталығы салынады. Нәтижесінде мемлекеттік инфрақұрылым 100% жетеді. Геологиялық барлауға инвестиция климатын жақсарту үшін мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша тиісті ұсыныстар пысықталуда.