ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, бүгінде киік санының төмендеуі тоқтап, 2003 жылғы 21 мың дарақтан, осы жылы 1 млн 318 мың дараққа дейін өсуіне қол жеткізілді. Олардың саны Кеңес Одағы кезеңіндегі ең жоғары көрсеткіштен, яғни 1 млн 200 мыңнан асты.

«Киік санын қалпына келтіру - бұл Қазақстанның жетістігі екені сөзсіз, киіктің әлемдік популяциясының 95%-ы біздің елімізде. Киік – қазақ үшін киелі жануар, ұлттық брендіміз де деуге болады. Оны сауатты басқару - біздің алдымызда тұрған үлкен міндет, барлық пікірлерді ескеріп, міндетті түрде ғылыми орталықтармен ақылдасып, жүйелі түрде шешу қажет», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметі алаңында.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ғылыми ұйымдар, мүдделі мемлекеттік органдар, салалық қауымдастық өкілдері қатысуымен киік популяциясын басқарудың жаңа тәсілдерін қарастыру мәселесі бойынша кеңес өткізілді.

Зоология институты мен Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы өкілдері әрбір популяцияның оңтайлы санын анықтап, жүйелі мониторинг және тұрақты басқару үшін Қазақстандағы киік популяциясы ареалындағы экожүйені кешенді бағалау бойынша терең ғылыми зерттеулер жүргізуі қажеттілігін айтты. Ғылыми зерттеулер жүргізгеннен кейін киік санын басқарудың баламалы әдістері анықталады.