Іс-шараға өңір басшысы Серік Шәпкенов, облыстық мәслихат өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, облыс аудандарының әкімдері қатысты.  

Министр өз сөзінде өңірдің еңбек нарығында болып жатқан өзгерістерді атап өтті. Мәселен, Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, облыста жалдамалы жұмыскерлердің саны 3,1 мың адамға артып, ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны 900-ден астам адамға азайды. Жұмыссыздық деңгейі 4,9% құрады, оның ішінде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі – 2,4%.

Министр еңбек нарығындағы өзгерістерге және жастарды жұмыспен қамту мәселесіне ерекше назар аударды.

«Жыл сайын еңбек нарығына 300 мыңнан астам жас қосылады. Нәтижесінде жұмыс күшінің жаңа сапалық құрылымы қалыптасады. Бүгінде елдегі жалпы жұмыс күшінің 60% - ы миллениалдар мен «Z» буынына тиесілі. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 80% - ға жетеді.

Атырау облысында 15-28 жас аралығындағы жастар саны 123 мың адамды немесе өңір халқының 18% - ын құрайды. 2030 жылға қарай ол 41 мың адамға көбейіп, 164 мыңға жетеді, ал 2040 жылға қарай ол 104 мың адамға көбейіп – 227 мың адамға дейін ұлғаяды. Өңірдегі экономикалық белсенді жастардың саны 2030 жылға қарай 93 мың адамға, ал 2040 жылға қарай 136 мың адамға жетеді», – деп хабарлады Тамара Дүйсенова.

ЕХӘҚМ басшысы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Атырау облысында 8,4 мың адам жұмысқа орналастырылғанын атап өтті. Бұл ретте өңірде Ұлттық жобалар шеңберінде ашылып жатқан жұмыс орындарына жұмысқа орналасу көрсеткіші төмен, Жылыой ауданында бар болғаны 2 адам жұмыспен қамтылған, ал Мақат ауданында бұл жұмыс мүлдем жүргізілмеген.

«Жұмыс орындарымен қамту мониторингін жүргізу тәртібіне сәйкес азаматтарды жұмысқа орналастыру олар үшін міндетті зейнетақы аударымдарымен расталатынына назар аударғым келеді. Атырау облысында бұл көрсеткіш 63,3% - ды құрайды. Облыстық деңгейдегі ең төменгі көрсеткіш Жылыой (49,2%) және Исатай (49,9%) аудандарына тиесілі, ал Ұлттық жобалар аясында Құрманғазы, Жылыой аудандарында жұмысқа тұрғызылған адамдардың бірде – біреуінің зейнетақы жарналары аударылмаған», – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Сондай-ақ, ол Атырау облысының өңірлік картасында қарастырылған 2414 тұрақты жұмыс орнының осы жылдың 6 айында 137-сі (5,7%) ғана ашылғанын, Исатай, Мақат аудандарында бірде-біреуі ашылмағанын, Жылыой ауданында ашылуы көзделген 97 тұрақты жұмыс орнының 2-еуі ғана ашылғанын айтты.

«Электрондық еңбек биржасына енгізілген Ұлттық жобалар шеңберінде жарияланған жұмыс орындарының талдау нәтижелері Атырау облысы бойынша жарияланған 1280 орынның 965 - і белгілі бір біліктілік талаптарын қойғанын, ал 315 – не талаптар жоқ екенін көрсетті.

Ұлттық жобалар аясында жұмысқа жіберуге болатын адамдардың саны мен біліктілік талаптары жеткілікті болуына қарамастан, тек 317 адам ғана Ұлттық жобалар аясында жұмысқа орналасқан, оның ішінде тек 73 адамды Жұмыспен қамту орталықтары жолдаған. Атырау қаласынан басқа аудандардың жұмыспен қамту орталықтары бұл бағытта мүлдем жұмыс жүргізбей отыр», – деді Тамара Дүйсенова.

Министр Атырау облысында Электрондық еңбек биржасында орналастырылған жалақысы жақсы бос орындар жеткілікті екенін айтты.

«Жұмыссыз қалып жатқан азаматтарға қолдау көрсетіп қажетті жұмыс орындарына орналасуға барынша қолдау көрсету барлығымыздың міндетіміз екендігін ұмытпағанымыз жөн. Осы бағыттағы жұмысты жандандыруды сұраймын», – деді ЕХӘҚМ басшысы.

Кездесу барысында Тамара Дүйсенова жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдерімен еңбек қатынастарын реттеу, мүгедектігі бар адамдарды қолдау, зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін талқылады.

«Өздеріңіз білетіндей, қазір біздің министрлік Отбасының цифрлық картасын жасау бойынша жұмыс жүргізуде. Алғашқы нәтижелерге сәйкес еліміздің 19 млн халқы 6,5 млн үй шаруашылықтарына біріктірілді, ал Атырау облысы бойынша 204 мыңнан астам отбасыны көрсетіп отыр, оның ішінде 90 мыңға жуық отбасының жағдайы өте төмен жағдайда. Бұл ретте біз өздеріне тиесілі көмекті ала алмай жүрген отбасыларды анықтадық. Бұл отбасылардың барлығына осы жылғы 1 қыркүйектен бастап тиісті көмекке құқығы бар екендігі туралы смс хабарлама жолданатын болады», – деп түйіндеді министр.