"Қаладағы эпидемиологиялық жағдай нашарлап, шиеленісе түсуде. Егер 22 маусымнан 5 шілдеге дейін екі аптада 414 жағдай тіркелген болса, соңғы екі аптада 6-19 шілде аралығында КВИ - дің 3 970 жағдайы тіркелген", - деді Сархат Бейсенова.
Оның айтуынша, ауру деңгейі 9,5 есеге артқан.
"Жаңа жағдайларды анықтау тәулігіне 586-ға жетті. Эпидемиологиялық жағдайдың жаңа матрицасы бойынша қала "сары" аймаққа жақындап келеді", - деді Сархат Бейсенова.
Бұған дейін хабарланғандай, өткен тәулікте Қазақстанда коронавирустық инфекцияның 1959 жаңа жағдайы тіркелген.
Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова азаматтарды аса қажетсіз адамдар көп жиналатын орындарға бармауға шақырды.
"Құрметті елорда тұрғындары мен қонақтары! Баршаңызды адамдар көп жиналатын орындарға бармауға шақырамын. Өздеріңіз көріп отырсыздар, вирус жойылмайды, ауру қайтадан өсуде. Кіммен байланысатыныңызды шектеңіз",-деді Сархат Бейсенова онлайн-брифинг барысында.
Ол "сары" аймаққа ауысқан кезде инфекция көзін оқшаулауға бағытталған шаралар қабылданатынын хабарлады.
"Вакцинация және ревакцинация инфекциядан жалғыз қорғаныс болып қала береді. Сондықтан біз вакцинация мен ревакцинациядан өту арқылы ғана аурудың өсуіне қарсы тұра аламыз. Құрметті отандастар, өз денсаулығыңызға, жақындарыңыздың денсаулығына қауіп төндірмеңіз! Коронавирусқа қарсы – вакцинация! Сондай-ақ, елорданың "жасыл" аймақта болуына қарамастан, ВАК шешімі бойынша жабық мекемелерде және қоғамдық көлікте бетперде кию ұсынылады. Өзіңізді қорғаңыз!",- деді Сархат Бейсенова.