Облыста 48 инвестициялық жобадан тұратын пул құрылды. Олардың барлығы импорт алмастырушы және экспортқа бағдарланған. Оларды іске асыру мерзімі – 2022–2025 жж. Осының арқасында шамамен 11 мың жұмыс орны құрылады. 

Биыл 12 жоба іске асырылады, оның 9-ы өңдеу өнеркәсібінде. "Татнефть" компаниясының қатысуымен KamaTyresKZ шина зауыты іске қосылады деп күтілуде.

Балқашта күн электр станциясы жұмыс істей бастайды.

Биылғы жылға жоспарланған ірі жобалар арасында геомембрана және катодтық мыс өндіретін зауыттар да бар.

Биылғы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша Қарағанды облысының өнеркәсіптік өндірістері өсім көрсетіп отыр. Өндірілген өнім көлемі 5%-ға өсті.

Өңдеу өнеркәсібінде де оң динамика байқалады.

– Өсім өнеркәсіптің барлық негізгі салаларында байқалады, – деп атап өтті Қарағанды облысының өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Мұрат Қыдырғанбеков. – Резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісінде – 74,6%-ға, машина жасауда – 20,7%-ға, түсті металлургияда – 18,3%-ға, жеңіл өнеркәсіпте – 13,2%-ға, қара металлургияда – 7,1%-ға, құрылыс индустриясында – 5,2%-ға, химия өнеркәсібінде – 4,5%-ға, Тамақ өнімдері өндірісінде – 1,2%-ға өсті.

"АрселорМиттал Теміртау" және "Қазақмыс" корпорациясы тұрақты жұмыс істейді.