Осы жылдың алты айында облыста 9 935 жаңа жұмыс орындары құрылды, олардың ішінде тұрақты жұмыс орындарының саны – 5352. Ақтоғай, Аққулы және Ертіс аудандарында жұмыспен қамтудың оң динамикасы байқалады.  

«Тұрақты жұмыс орындарының көпшілігі ауыл шаруашылығы, сауда, жөндеу және өнеркәсіп салаларында құрылды. Жалпы алғанда, жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 11103 адам қамтылды», - деді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова.

Жыл басынан бері «skills.enbek.kz» порталында 339 адам онлайн оқудан өтті.  «Бастау Бизнес» жоабсының шеңберінде 123 грант берілді. Бос орындар жәрмеңкесі 59 рет өткізіліп, нәтижесінде  311 адам жұмысқа орналастырылды. Мобильді жұмыспен қамту орталықтары 237 рет көшпелі жиындар өткізген. 159 жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар бойынша 886 жұмыс орындары құрылды. Жыл соңына дейін барлығы 20855 жұмыс орындарын құру жоспарланып отыр.

Әбілқайыр Сқақов мобильді жұмыспен қамту орталықтарының санын арттырып, жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру көрсеткіштеріне қол жеткізуді тапсырды.

«Мобильді жұмыспен қамту орталықтарының тиімділігі бос орындар жәрмеңкесіне қарағанда  3-4 есе жоғары. Осы жұмысты күшейту керек. Инфрақұрылымдық жобалар шеңберінде мердігерлермен жұмыс істеп, адамдарды сол жерде бірден жұмысқа орналастыру туралы шешім қабылдау қажет», - деп атап өтті аймақ басшысы.

Қаржы басқармасының басшысы Жеңіс Шақатов 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында бюджеттің орындалуы туралы ақпарат берді. Жыл басынан бері облыс бюджетіне 121 млрд теңгеден астам қаражат түскен. Түсімдердің өсуі өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 134,3%-ға артық. Аумақтық бөлініс бойынша кірістер жоспарын барлық өңірлер орындаған. Бюджеттің шығыс бөлігі 99,6% игерілген.

Облыс әкімі жергілікті атқарушы органдардың басшыларына бюджеттің уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу процедураларын бекітілген жоспарларға сәйкес өткізуді тапсырды. Қаржы басқармасы ай сайын бюджет қаражатының жұмсалуына мониторинг жүргізуі тиіс.