Бұл туралы қала әкіміне 1-жартыжылдықта атқарылған жұмыстар бойынша есеп берген цифрландыру басқармасының басшысы Ә.Әбдіраханов баяндады.
 
Осы жылға 71 мың қала тұрғынын қамтитын 12 аумаққа базалық станция орнатылу жоспарға қойылған болса, бүгінде олар бойынша жер телімдері анықталып, инвесторларға ұсынылған. Қазір бетон құю жұмыстары жүргізілуде. Маятас, Елтай, Тоғыс, Бозарықта жеке нысан иелерімен келісу арқылы базалық станция орнатылып, іске қосылды.
 
Ал, оптикалық интернет қамту үлесін 75 пайызға жеткізу межеленген. Қаладан шалғай орналасқан 15 елдімекенге талшықты оптика желісі қойылады.
 
Тұрғындардың IT сауаттылығын арттыру мақсатында «CIFRO» және робопарк бағдарламалау мектептері ашылды. Онлайн платформа веб сайттарды әзірлеу, ІОS, андройд платформасында қосымшалар әзірлеу, анимация жасау, ойындар әзірлеу секілді курстар оқытылуда.
 
Есепті тыңдаған қала әкімі М.Әйтенов салаға тартылатын инвестиция көлемін арттыруды, интернет күшін жоғарылату бойынша қосымша жоспар жасауды тапсырды.