ДДСҰ дерегі бойынша вирусты гепатит әлемде 2 млрд жуық адамның немесе планетадағы әрбір үшінші адамның денсаулығына зиянын тигізді. Әлемде 325 млн адам B немесе С вирусты гепатитпен өмір сүреді. Жыл сайын 900 мыңға жуық адам B вирусты гепатиттен көз жұмады.
Қазақстанда «вирусты гепатит» бойынша 49175 ересек пациент«Д» есебінде тіркеуде тұр. Оның ішінде 23233 пациент С гепатиті, 22977 пациент В гепатиті, 1252 пациент D гепатиті диагнозы қойылған, 5976 пациент бауыр циррозына және тағы 500-ден аса адам бауырдың ГЦК, ХЦК ісігіне шалдыққан. Қазақстан гепатологтары 2018 жылдан 2020 жылға дейін 30 мыңнан аса науқасты С гепатитінен емдеп жазды. Бұл орайда С гепатитінен ем тұрғылықты жері бойынша тегін екенін атап өткен жөн.
Бұған қоса Қазақстанда B гепатитіне қарсы вакцинациялау бағдарламасы жұмыс істейді. 1998 жылдан бері сәбилерге бірінші туған күні-ақ перзентханада вирусты гепатит жұқтырудан қорғайтын вакцина салынады. Республикалық гепатология орталықтарында скрининг зерттеулері жүргізіледі. Қазір мамандардың алдында бұл аурудың пайда болуының алдын алу бойынша кешенді шаралар әзірлеу міндеті тұр.
Отандық гепатология бауырдың асқынған созылмалы ауруларын, оның ішінде гепатитті емдеуге арналған медициналық көмектің барлық түрімен жарақтанған.
Вирусты гепатиттің қаншалықты машақат екенін ескерсек, ҚР денсаулық сақтау жүйесінде бұл аурумен күреске айрықша көңіл бөлінеді – алдын алу, скрининг, емдеу жүйелі жүргізіледі. Ел көлемінде вирусты гепатит, оны жұқтырып алудан сақтық шаралары және оның таралуы жөнінде халықты хабардар қылу мақсатында ағартушылық акциялары ұйымдастырылады. Халық арасында салауатты өмір салты насихатталып, әрбір ересек адамның өзі мен балаларының денсаулығына жауапкершілік сезінуге үндейді.
Гепатит деп бауыр тінінің қабынуын атайды. Гепатиттің А, B, С. Д және Е деп жіктелетін бес негізгі типі бар. Олардың ішінде өлімге душар қылатыны B және С гепатиттері: жыл сайын 1,4 млн адамның өмірін жалмайды. Бауыр циррозына алып келетін басты себептердің ішінде вирусты гепатиттер, алькогольді және алкогольді емес ішімдіктен бауырды май басу (гепатоз), сондай-ақ бауырдың аутоиммундық және метаболизмдік аурулары аталады.
Гепатиттен екі жолмен қорғануға болады:
1)Гигиена сақтау (бұл А және Е вирустарын қорғану үшін маңызды), қан құю кезінде және жыныстық қатынас кезінде абай болу – бұл B және С гепатиттерінен сақтануға көмектеседі;
2)Екпе алу немесе вирусқа қарсы дәрі-дәрмектер қабылдау. Әдетте вакцина адамға А және B гепатиттерінен сенімді қорғаныш болады, ал дәрі-дәрмектер 95% жағдайда тиімділігін көрсетіп отыр.