Орташа немесе онша ауыр емес қылмыс жасаған 35 күдіктіге қатысты қылмыстық істер сотқа жеткізілмей тараптардың татуласуына байланысты қысқартылды. Дәл осындай негіздермен 13 сотталушыға қатысты қылмыстық істер соттармен қысқартылды. Алматы, Талдықорған және Тараз қалаларындағы жаппай тәртіпсіздіктер барысында қызметтік және азаматтық қару ұрланғаны белгілі.

Бұл өз кезегінде азаматтардың өмірі мен денсаулығына шынайы қауіп төндірді. Осыған орай, Ішкі істер министрлігі ұрланған қаруды табу және тәркілеу бойынша белсенді жұмысты жалғастыруда.

«Бүгінгі таңда, қабылданған шаралармен 860 қару тәркіленді, оның ішінде 475 табельдік және 379 азаматтық қару. Мысалдарға келетін болсақ, 13 шілде күні Тараз қаласында криминалдық полиция және қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері бірлесіп бүркемеленген жерге көмілген қойманы тапты, ол жерден бұрын Полиция департаментінен ұрланған Калашников автоматы, екі оқ сауыт және 30-дан астам оқ-дәрі табылып, алынды. 19 шілдеде осы қалада полиция қызметкерлерімен гараждар орналасқан жерден бұрын Полиция департаментінен ұрланған Макаров тапаншасы табылды. 14 шілдеде Алматы облысының Іле ауданында полиция және ҰҚК қызметкерлері Байсерке кентінің теміржол өткелі маңынан бүркемеленген жерге көмілген қойманы тапты, онда 12-калибрлі шолақ мылтық, бөлшектелген аңшылық мылтық, газ тапаншасы, 3 жарық дыбысты және 2 газ гранаты, сондай-ақ 150-ден астам патрон табылды. Жақында Алматы шетіндегі таулы жерде полиция қызметкерлері жерге көмілген тағы бір қойманы тапты, онда 22 жарық-дыбысты, көзден жас ағызатын және газ-түтінді гранаталар, 2 газ тапаншасы, 12 калибрлі аңшылық мылтық, радиостанция және әр түрлі калибрлі 500 жуық патрон сақталған»,- деді ІІМ өкілі.

Қазір ұрланған қарудың әлі 2089 бірлігі анықталмаған, оның ішінде: қару-жарақ дүкендерінен ұрланған 1282 азаматтық қару; 648 табельдік атыс қаруы және 159 жарақат салатын газ және сигналды тапаншалар. Оларды анықтау бойынша жұмыстар жалғасуда.

Сонымен қатар мақсатты жүргізілген жедел-профилатикалық шаралардың нәтижесінде полиция қосымша 1936 қаруды тәркіледі, олардың көбісінің тіркеу нөмірлері қасақана өшірілген.

Сондықтан қазір олардың «қаңтар оқиғалары» кезінде қолдануға қатыстылығы анықталуда.