Бұл туралы ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Айжан Рахымбаева айтты. «2018 жылы өңірде әуежайлардың инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары басталған. Бүгінде Өскемен мен Семейдегі әуежайды қайта жаңғырту жұмыстары мәресіне жетті. Жақында Үржар ауданындағы әуежайдың ұшу-қону жолағын реконструкциялау жұмыстары аяқталды», деді ол.
Айжан Рахымбаеваның айтуынша, қазір әуе айлағының ұшуға жарамдылық сертификатын алу үшін тиісті шаралар атқарылып жатыр. Алынған соң әуе рейстері бірден қайта жанданбақ. Демек, тұрғындар Алакөлге ұшақпен қатынай алатын болады.
«Қатонқарағай ауданында әуежай құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Бірақ оның нақты уақыты әзірге белгісіз. Сондай-ақ 2024 жылға қарай Зайсан әуежайын реконструкциялау жұмыстары басталады», деді басқарма басшысының орынбасары.