Атап айтқанда, қазақстандық артистердің Оңтүстік Кореяда өнер гастролі жоспарланған. Осы және басқа да мәселелер ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың Корей Республикасының ұлттық жиналысы депутаттарымен кездесуі барысында талқыланды.
«Қазақстандықтардың, әсіресе жастардың корей мәдениетіне деген қызығушылығы артып келеді. Бұған дәлел-мәдени алмасу жылы аясында бірқатар іс-шаралардың өткізілуі. Мысалы, К-pop концертін айтуға болады. Осы ауқымды іс-шараға өзім де қатысып, артистердің өнеріне тәнті болғанымды атап өткім келеді. Қазіргі таңда Ұлттық музейде корей суретшісі Пак де Сонның көрмесі өтіп жатыр», - деді Дәурен Абаев.
Министрдің айтуынша, биыл Қазақстанда республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театрына 90 жыл. Театр әлемдегі ең көне ұлттық корей театрларының бірі. Мәдени алмасу жылы аясында өнер ұжымы Кореяда гастрольмен болып, «Комонаре» халықаралық театр фестиваліне қатысты.
Сондай-ақ, 2022 жылдың 15 қазанында «Қазақстанның туристік мүмкіндіктері» тақырыбында роуд-шоу өткізу жоспарланған. Ал қыркүйек айында Қазақстанда корей классикалық музыкасының кеші өтеді.
Екіжақты әңгіме барысында тараптар Ұлттық мұрағат қорларын қауіпсіз сақтауды қамтамасыз ету және спортшыларды даярлау мәселелерін қозғады.
Өз кезегінде «Корея – Қазақстан» парламентаралық достық тобының төрағасы У Вон Шик екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың деңгейіне жоғары баға берді.
Айта кетейік, кездесу Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде өтті, онда шетелдік делегация өкілдері ұсынылған экспозициямен танысты.