Басқосуда алғашқы болып баяндама жасаған ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов көкөніс сақтау қоймаларының ағымдағы жағдайы және шаруашылықтармен жасалған форвардтық келісім шарттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Оның айтуынша, облыстағы жалпы сыйымдылығы 255,9 мың тоннаны құрайтын 236 сақтау қоймасының 81-і мұздатқышпен жабдықталған (47,2 мың тн). Ал, облыс бойынша мерзімаралық кезеңде (4 ай.  қаңтар-сәуір)  мұздатқышы бар қоймалардың қажеттілігі 57,7 мың тоннаны құрайды.

Бүгінгі таңда Мойынқұм және Талас аудандарында бірде-бір көкөніс сақтау қоймалары жоқ десек, Шу және Сарысу аудандарында мұздатқышпен жабдықталған қоймалар салынбаған.

- Облыста биылғы жылы 2,2 млн. тоннаға жуық негізгі және сұранысы жоғары жеміс-көкөніс өнімдерін өндіру көзделуде.

Өнімдердің өндіріс көлемдері облыстың ішкі тұтынымын толық қамтамасыз етеді. Маусымаралық кезеңге қажет ететін 57,7 мың тонна көкөніс өнімі көлемдерін мұздатқышы бар 81 қоймада картоп, сәбіз, қырыққабат өнімдерінің 81,8 пайызын толық сақтауға мүмкіншілік бар.

Әр ауданның халық санына қарау тұтыну нормасына сәйкес өндірілген өнім көлемін сақтауға сыйымдылығы 21,4 мың тоннаны құрайтын мұздатқышпен қамтылған қоймалар қажет,-деген басқарма басшысы өнімдер қоймаларға қыркүйек-желтоқсан айларында кезең-кезеңімен  сақтауға орналастырылатынын жеткізді.

Айта кетейік, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес «Жамбыл облысының агроөнеркәсіп кешенін дамыту» Жол картасы және Даму жоспары аясында 2022-2025 жылдары сыйымдылығы 100,3 мың тоннаны құрайтын 39 жеміс-көкөніс сақтау қоймаларын іске асыру көзделуде. Оның ішінде, сыйымдылығы 59,4 мың тонналық 16 қойма мұздатқышпен қамтылмақ. Ағымдағы жылы сыйымдылығы 27,6 тонналық 8 қойманың құрылысы жүргізілуде (6 қойма мұздатқышпен 6700 тн.).

Осы жобалар толық жүзеге асырылғаннан кейін мерзімаралық кезеңде жетіспейтін 21,4 мың тонналық мұздатқыштың 6,7 мың тоннасы қажеттілігін жабады деп көзделуде.

Биыл 41,8 мың гектар алқапқа картоп, қырыққабат, сәбіз және пияз дақылдары орналастырылып, бүгінгі күнге 5,9 мың гектар алқаптан 158 мың тонна ерте пісетін көкөніс өнімдері алынды. Қазіргі таңда көкөніс өнімдерінің өндіріс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 13,9 пайызға артып отыр.

Жиында шаруашылықтармен сауда орындары арасында делдалсыз өнімді өткеру мақсатында 241 дүкенмен форвардтық келісім шарттар жасалған. Алайда, келісім жасалған өнім көлемі әр аудан халқының тұтыну нормасы қажеттілігінің 5 пайызын да  қамтуға жеткіліксіз. Осыған орай, ерте пісетін көкөніс басқада өнімдерді сол өнімді өндіретін аудандармен форвардтық келісім жасалуы қажет.

Басқосуда кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев әлеуметтік дүкендердің әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамтылу барысын баяндады.

- Бәрі жақсы деуге болмайды. Атқарылған жұмыстар өз нәтижелі болса, тұрғындар бағаға қатысты шағымданбас еді. Пияздың бағасына кейбір дүкендерде үстемеақыны 70-80 пайызға дейін қосып отыр деген мәлімет бар. Неге ондайларға шара қолданып, айыппұл салмаймыз?

«Алқаптан сөреген дейін» жобасын іс жүзінде нәтижелі орындауға күш салу керек. Аудандардың берген ақпараты қаншалықты рас? Оған көз жеткізу үшін тексеріс жұмыстары тұрақты жүргізілуі тиіс. «Айналым схемасы» бойынша өтінім беру көрсеткіші де көңілден шықпайды.

Мерзімаралық кезеңде бағаны тұрақтандыру – басты талап! Бұл тұрғыда әлеуетімізге сәйкес барынша әрекет ету қажет. Қоймалардың мүмкіншілігін де тиімді пайлану керек. Жауапкершілікті бір-бірлеріңізге ысырмай, бірлесіп үйлестіру маңызды,-деді Нұржан Нұржігітов.

Аймақ басшысы жұмыстарды жүйелеу, аудандар бойынша тұрақты бақылау жүргізіп, апта сайын есеп беріп отыру үшін аталған екі басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.