Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылдың жаңа тетігі халықаралық тәжірибе негізінде әзірленді.

Мәселен, Ұлыбританияда мемлекет аса беделді үкіметтік емес ұйымдармен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты жүзеге асыратын стратегиялық әріптестік деп аталатын тәжірибе бар.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР АҚДМ Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет хабарлады.

«Мемлекеттік органдардың стратегиялық әріптестер пулын бейінді, әрі кең өкілдік базасы бар үкіметтік емес ұйымдар қатарынан қалыптастыру - қоғаммен жұмысты жандандыруға, қоғамдық сұраныстарды дер кезінде мемлекеттің күн тәртібіне қойып отыруға мүмкіндік береді. Бұл тетіктің келесі тәсілдері бекітілді: стратегиялық әріптестіктің бағыттарын мемлекеттің жалпыұлттық басымдықтарын негізге ала отырып, мемлекеттік органдардың ұсыныстары негізінде ҚР Үкіметі айқындайтын болады. Стратегиялық әріптестікті іске асыру ұзақ мерзімді негізде министрліктер деңгейінде ғана болады. Стратегиялық серіктестерді мемлекеттік органдар конкурс арқылы анықтайтын болады. Әр бағыт бойынша бір үкіметтік емес ұйым анықталады», - деді спикер.

Ол аталған шараларды қабылдау волонтерлік пен қайырымдылықты дамытуды ынталандыруға, мемлекет пен азаматтық сектордың өзара іс-қимыл жүйесін жетілдіруге ықпал ететініне сенім білдірді.