ABG компаниясы еліміздегі ірі автожол жобаларын, соның ішінде республикалық маңызы бар жолдарды жаңғыртуды қаржыландырып, оларды жүзеге асыруға ниет білдірді.

Премьер-Министр бүгінде араб инвесторларының Қазақстанға деген қызығушылығының артып келе жатқанын атап өтті. Үкімет басшысының айтуынша, бұған таяуда Мемлекет басшысының БАӘ-ге сапары ықпал етті.

«Біз шетелдік серіктестердің әрбір ұсынысын жоғары бағалаймыз, сондай-ақ инвестицияларды қорғау және қолайлы іскерлік ахуалды қамтамасыз ету бойынша барлық міндеттемелерімізді орындаймыз», — деді Әлихан Смайылов. 

Өз кезегінде Халед Мохаммед Аль Абади ABG компаниясының әлемнің көптеген елдерінде ірі инфрақұрылымдық жобаларды табысты іске асыруда тәжірибесі бар екенін айтты.

«Екі ел басшыларының белсенді өзара іс-қимылы, сондай-ақ екіжақты қарым-қатынастардың қарқынды дамуы біздің Қазақстанға келуімізге себеп болды. Біз автожол жобаларын іске асыруды инвестициялауға мүдделіміз, сондықтан Қазақстан Үкіметімен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істегіміз келеді», — деді Халед Мохамед Аль Бади.

Кездесу қорытындысы бойынша Премьер-Министр компанияның ұсыныстарын тиісті мемлекеттік органдардың мұқият зерделеп, пысықтайтынын айтты.