Кеңес барысында барлық ірі жанармай құю станциялары төмен бағаға байланысты транзиттік көлікпен шетелге тасымалданатын отын ағыны салдарынан еліміздің шекаралас өңірлерінде дизель отынын тұтынудың ұлғайғанын атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында ҚР Энергетика министрлігі шекара периметрі бойынша және транзиттік көлік үшін дизель отынына сараланған бағаларды көздейтін бұйрық жобасын әзірлеген болатын. Бағалар резиденттігіне, тұтыну көлеміне және көлік түрлеріне байланысты сараланатын болады. Бұйрық жобасы 2022 жылғы 4 тамызда жарияланған, қоғамдық талқылау 18 тамызға дейін жалғасады.

Транзиттік көліктің отын тұтынуының өсуіне байланысты жедел міндеттерді орындау үшін дизель отынының барлық ресурстары бірінші кезекте ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне (АШТӨ) және АЖҚС-қа бөлінетін болады. Өнеркәсіптік кәсіпорындар мен «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ үшін отын қалдықтары екінші кезекте бөлінетін болады, ал қорлар таусылған жағдайда елге қажетті көлемдер импортталатын болады.

АШТӨ қажеттілігіне шілде айында 106,6 мың тонна дизель отыны жөнелтілді, тамызда 160,7 мың тонна, ал қыркүйекте тағы 123,6 мың тонна тиеп-жөнелту жоспарлануда, белгіленген баға  бір тоннасы үшін 222 мың теңгені құрайды (литріне 184 теңге). Аталған көлемдердің негізгі жеткізушілері «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ы мен «Petrosun» ЖШС болып табылады.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың тапсырмасына сәйкес Экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссия жүргізіп жатқан жұмыс шеңберінде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жеке инвесторлардың орнына «Petrosun» ЖШС қатысушыларының құрамына кірді.

Сонымен қатар, отандық МӨЗ-дерді жоспарлы алдын-ала жөндеу мерзімдерін оңтайландыру және ауыстыру, сондай-ақ жүктемені ұлғайту мүмкіндігі мәселелері қарастырылуда.

Жалпы, АШТӨ күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін барлық жоспарланған мөлшерлер толық көлемде жеткізілетін болады, бұл мәселе ҚР Энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының тұрақты бақылауында.