ҚР Қорғаныс министрлігінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында шекара ведомствосының құрылуы мен қалыптасу тарихына арналған экспонаттар мен фотосуреттер көрмесі ұйымдастырылды, сондай-ақ «На страже рубежей Казахстана» кітабының тұсаукесері өткізілді.

Мерейтой құрметіне Шекара қызметі ансамблі әртістерінің қатысуымен мерекелік концерт өтті. 

Салтанатты іс-шарада ҚР ҰҚК Төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры генерал-майор Ерлан Алдажұманов сөз сөйлеп, ҰҚК Төрағасы атынан құттықтау тілегін және әскери қызметшілер мен ардагерлерге алғысын жеткізді. Мемлекеттік шекараны қорғау бойынша міндеттердің маңыздылығы мен басымдылығын атап өтті.

«Мемлекеттік шекара – бұл егемендіктің басты құрамдас бөлігі, кез-келген елдің беріктігі шекарасына қарай анықталады. Сондықтан Шекара қызметіне және оның басты міндеті – мемлекетіміздің аумақтық тұтастығын сақтауға ерекше көңіл бөлінеді», - деді ол өз сөзінде.

Облыс орталықтарында дәл осы күні шекарашы батырлардың ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылды, көзге түскен әскери қызметшілер марапатталды, мерекелік күнге орайластырылған спорттық жарыстар өткізілді.