Бүгін, 20 тамыз күні аймақ басшысы Серік Шәпкенов айтыс өнеріне еңбек сіңіріп, төл өнердің дамуына сүбелі үлес қосып, өзіндік із қалдырған ардагер ақындар және жас айтыскерлермен кездесті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

–Айтыс өнері халқымызбен қашанда бірге жасасып келеді. Әсіресе, Тәуелсіздік жылдары жаңа мазмұн, тың сипатқа ие болды. Ақын сөзімен елдің көкейіндегі мәселе ашық айтылса, айтыстағы өлеңнің де құндылығы арта түспек. Жаңа Қазақстан құруда айтыстың өзіндік өрнегі, айшықты қолтаңбасы бары анық. Бүгінгі ұрпақ сан ғасырдан жеткен саф өнердің салтанат құрып дамуына әрқашан қамқорлық көрсетері де кәдік.
Сұлу сөзге, сындарлы ойға оранған айтыс елдің елдік санасын өсіреді, ұлы мұраттар жолында бірлікке шақырады. Айтыстың жоғын жоқтап жүретіндердің еңбегі сонысымен аяулы, сыйлы, -деді аймақ басшысы.

Кездесуде айтыс өнері, оны өңірде дамыту жайында ой-пікірлер ортаға салынды.

– Өңірде айтыс өнерін өркендетіп, ақындардың өсіп-жетілуі үшін, әрине, қолдау керек. Облыс орталығынан айтыс ақындарының бас қосып, пікір алмасуы үшін мәдени орталық ашылуы қажет деп ойлаймын. Әр ауданда айтыс мектебін, білім ошақтарында айтыс үйірмелерін ұйымдастыру қолға алынуы тиіс. Осылайша жастардың бойына асыл қасиеттердің нәрін құя аламыз,- деді айтыскер Сырымбек Сәрсенбаев.

Жиналғандар өңірде облыстық, республикалық айтыстарды ұйымдастыруды ұсынды.

– Атырауда соңғы кездері облыстық, республикалық айтыстар өткен жоқ. Алдағы уақытта осы мәселе назарға алынса, жақсы болар еді. Бұл - өңірдегі жас айтыскерлердің өсуіне де зор мүмкіндік болады. Оған қоса руханиятқа да олжа деп есептеймін,- деді айтыскер Шалқарбай Ізбасаров.

Еркін пікір алмасу форматында өткен басқосуда айтыс ақындары облыс көлеміндегі өзге де мәселелерді ортаға салды.