«Елордада спортшыларға арналған алғашқы медициналық орталық ашылды. Жаттықтырушылар мен спортшыларға арнап жеке медициналық мекеме бөлу мәселесі кездесулеріміздің бірінде талқыланған болатын.

Мәселен осыған дейін спортшыларымыз №5 қалалық емхана базасында кәсіби тексерістен өтіп, ем алды. Бұл тексерулер өзге пациенттермен бірге, жалпы кезек бойынша жүргізілді. Ал бұл белгілі бір деңгейде ыңғайсыздық туғызып, спортшылардың сапалы дайындығы мен сауықтыру процесіне кері әсер етті. Спортшылар мен олардың жаттықтырушылары айтқандай, бұл жағдайда арнайы түрде спорт дәрігерлері болуы керек.

Осылайша, сала мамандарымен кездескен соң спортшыларымызға арналған арнайы медициналық орталық ашылды. Ол А-82 көшесіндегі «Нұрлы Жол» теміржол вокзалының жанында орналасқан. Бұл орталық спортшылардың медициналық тексеруден емін-еркін өтуіне, денсаулығын оңалтып, қалпына келтіруіне мүмкіндік береді. Медициналық мекемеге спортшылардың жарақаты бойынша денсаулығын уақытылы тексеру мен бақылауды қамтамасыз ету, емдеу және қалпына келтіру үшін білікті спорт дәрігерлері жұмылдырылатын болады.

Бүгін – Спорт күні! Спортшыларды, жаттықтырушыларды, жанкүйерлерді және спорт сүйер қауымды мерекемен құттықтаймын!» – деп жазды Алтай Көлгінов.