Кездесуге Еуропалық Парламенттегі ҚР-ЕО Достық тобының төрағасы – Петиция комитеті төрағасының орынбасары Рычард Чарнецкий (Польша), Сыртқы істер комитетінің мүшесі Начо Санчез-Амор (Испания), Қоршаған ортаны қорғау, денсаулық сақтау және азық-түлік қауіпсіздігі комитетінің мүшесі Сильвия Сардоне (Италия) қатысты.

Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан және Еуропалық одақтың негізгі институттары арасындағы саяси диалогтың ағымдағы деңгейі мен даму перспективаларына қатысты пікір алмасты.

М.Тілеуберді Еуропарламент делегациясына ҚР мен ЕО арасындағы стратегиялық әріптестіктің, әсіресе, қауіпсіздік, сауда, көлік, энергетика, мәдениет және құқық үстемдігі салаларындағы ахуалы мен перспективалары туралы егжей-тегжейлі баяндады. «Еуропарламент делегациясының Қазақстанға дер кезінде келуі
ҚР – ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім аясында Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы саяси және парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға, ынтымақтастықтың жаңа перспективалық тауашаларын іздеуге қосымша серпін беруге тиіс», – деп кездесу барысында ҚР сыртқы саяси ведомствосының басшысы мәлімдеді.

Еуропалық тараптың ерекше назары ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің саяси жүйесін жаңғырту және экономикасын реформалау бойынша, оның ішінде ҚР Конституциясына түзетулер енгізу және Жаңа Қазақстанды құру жөніндегі бастамаларына аударылды.

Өз кезегінде К. Сагарц ҚР және ЕО арасындағы, әсіресе Еуропалық Парламент пен ҚР Парламентінің депутаттары арасындағы саяси диалогтың деңгейін жоғары бағалады. «Еуропалық Парламент Қазақстан Еуропалық Одақтың негізгі серіктесі болып табылатын Орталық Азия елдерінің дамуын мұқият қадағалайды» деп атап өтілді.

Сапар аясында Еуропалық Парламент депутаттарының ҚР Парламенті Мәжілісінің, Бас прокуратурасының, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, Әділет министрлігінің, Энергетика министрлігінің,  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің өкілдерімен, сондай-ақ Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі Уәкілмен кездесулері де өтуде.

Делегация құрамына Еуропалық Парламенттің төрт фракциясының саяси кеңесшілері, соның ішінде Еуропалық халық партиясы, Социалистер мен демократтардың прогрессивті альянсы, Еуропалық консерваторлар мен реформаторлар, сондай-ақ «Бірегейлік және демократия» тобы кірді.

2022 жылы сәуірде Қазақстанға Орталық Азия және Моңғолиямен ынтымақтастық жөніндегі делегация төрағасының орынбасары Андрис Америкс (Латвия) және Сыртқы істер комитетінің мүшесі Франциско Миллан-Мон (Испания) бастаған Еуропалық Парламент депутаттарының тобы сапармен келгенін еске саламыз.