Вице-премьер жоғары білім мен ғылым елдің технологиялық, индустриялық және экономикалық дамуының қозғалтқышы екенін атап өтіп, жаңа Ғылым және жоғары білім министрлігінің негізгі міндеттеріне тоқталды

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Білім және ғылым министрлігі екі ведомствоға бөлінді. Бұл – ғылыми қызметті үйлестіруді күшейту және ғылым мен жоғары білім ұйымдарының жұмысын жетілдіру, сондай-ақ барлық ғылыми-техникалық бағдарламалар мен зерттеулерді қалыптастыру мен іске асыруды үйлестіру болып табылады», — деді Ералы Тоғжанов.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы салалық мемлекеттік органдардың ғылыми мекемелері мен жоғары оқу орындарын Ғылым және жоғары білім министрлігінің қарамағына беру мәселесін қарауды тапсырғанын айтты. Бұл ғылым саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты қалыптастыру үшін қажет.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов салалық мемлекеттік органдарға, ҒЗИ мен ЖОО-ларға бірқатар тапсырмалар берді. Атап айтқанда, салалық жоғары оқу орындары мен ҒЗИ-дың Директорлар кеңесіндегі ХҒВО өкілдерінің үлесін арттыруды, ЖОО мен ҒЗИ басшыларының кандидатурасын ХҒВО-мен міндетті түрде келісуді, сондай-ақ ел ғалымдары үшін ҒЗИ мен ЖОО-лардың зертханалық және ғылыми базасына бірыңғай қолжетімділікті қамтамасыз етуді және ағымдағы жобалардың тиімділігіне міндетті түрде ғылыми ұйымдардың аудитін жүргізуді тапсырды. 

«Ғылымды дамытудың негізгі қағидаты – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосар үлесін арттыру. Техникалық бағыттағы ғылыми әзірлемелер экономикалық айналымға тартылуға және құндылықты арттырудың түйінді факторына айналуға тиіс. Ғылыми әзірлемелерді толық коммерцияландыруға тек зерттеулер ғана емес, тәжірибелік-конструкторлық, технологиялық жұмыстар жүргізу, инфрақұрылымды, тұтастай алғанда инновациялық экожүйені дамыту қажет. Бұл экожүйелер – технологиялық инкубаторлар, технопарктер, акселераторлар, венчурлық қорлар», — деді Премьер-Министрдің орынбасары. 

Ералы Тоғжанов кадр даярлау жүйесі қажетті мамандармен озық қамтамасыз ету моделіне көшуі тиіс екенін атап өтті.

«Кадрларды озық даярлау моделі білім бағдарламаларын әзірлеуге қойылатын шарттар мен талаптарды түбегейлі өзгертеді. Бұл халық табысын арттыруға арналған «Мамандығым – болашағым» бағдарламасының негізіне алынды. Мұны барлық өңірлер мен салаларға кеңейту қажет. Жаңа модельді біз қолдаймыз және 2026 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында қарастырған жөн деп санаймыз», — деді Ералы Тоғжанов.

Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, 4-ші деңгейдегі заманауи өнеркәсіптің даму көрсеткіші сапалы адами капиталға 68%-ға, инфрақұрылымға 16%-ға және шикізатқа тек 12%-ға байланысты. Ақпараттық технологиялар ғасырында бәсекеге қабілетті мамандарды тәрбиелеу қажет.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек салалық ведомствоның бағытын дамытудың негізгі басымдықтары мен міндеттерін атады.

«Жүйелік шешімдер ұсынамыз. Біріншісі – гранттарды саралау. Гранттар санын көбейтудеміз. Былтырғы жылмен салыстырғанда грант саны 19%-ға өсті және келер жылы да ұлғаятын болады. Ал биыл 88 мың грант бөлінді», — деді Саясат Нұрбек.

Оның айтуынша, отандық ғылым салалық, аймақтық мәселелерді шешуге бағытталуы керек.

«Мемлекет басшысы Ұлттық ғылым академиясының мәртебесін көтеруді тапсырды. Үкімет жанынан арнайы жұмыс тобы құрылды. Бүгін форумда университеттегі ғылым мен қолданбалы ғылымның қызмет ету мәселелері талқыланды. Мақсатымыз – жоғары оқу орындарын зерттеу моделіне көшіру», — деді Саясат Нұрбек.