Медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту мақсатында дәрігерлердің жалақысы 20%-ға көтерілді. 2021 жылы өңірлерде 3034 жас маман жұмысқа орналастырылды, бұл түлектердің жалпы санының 96% құрайды. Бұл ретте ауылда 606 түлек жұмыспен қамтылды. 


«АМСК-тың тең қолжетімділігі үшін 2019-2022 жылдар аралығында 304 АМСК нысаны пайдалануға берілді. АМСК-ты қаржыландыру денсаулық сақтауды қаржыландырудың жалпы көлемінің 54%-ына дейін жеткізілді. 2022 жылға 80 АМСК нысанының құрылысы жоспарланған, оның ішінде 6 нысан пайдалануға берілді. Осы жылдың соңына дейін ауыл тұрғындары мен балалар үшін алдын алудың жаңа тәсілдері енгізіледі, консультациялық-диагностикалық қызметтер кеңейтіледі, телемедицина мен қашықтықтан медициналық қызметтер, амбулаториялық оңалту дамытылады», - деді вице-министр.


Оның айтуынша, ауылдық денсаулық сақтауды дамыту үшін аудандық ауруханалар қымбат медициналық жабдықтармен жарақтандырылады: 21 КТ, 92 рентген аппараты, ана мен баланы қорғау қызметіне арналған 1099 қондырғы.

Айта кетейік, биыл ауылдағы денсаулық сақтау ұйымдары желісінің жаңа мемлекеттік нормативі бекітілді. Шалғай жатқан ауылдық елді мекендерде жылжымалы медициналық кешендер мен медициналық пойыздардың әлеуеті кеңінен қолданылады. Халық саны 50 адамға дейінгі елді мекендер медицина қызметкерімен үйде қамтамасыз етілуі мүмкін, бұрын ауылдарда мұндай мүмкіндік болмаған. Тұрғындар саны 50-ден 500 адамға дейінгі ауылдарда медпункт ашу, халқы 500-ден 1500 адамға дейінгі (бұрын 800-ден 1500-ге дейінгі) ауылдарда ФАП құру көзделген. 5000-нан астам тұрғын тұратын ауылдарда АМСК орталықтары құрылатын болады. Жаңашылдықтарда жергілікті атқарушы органдардың қалауы бойынша дәрігерлік амбулаториялардың учаскелерін кеңейту  қарастырылған. «Алтын сағат» қағидаты бойынша ауыл халқына уақытылы шұғыл медициналық көмек көрсету үшін 32 көп бейінді ауданаралық аурухана көп бейінді орталық аудандық ауруханалар болып қайта құрылатын болады. Шалғайдағы 1513 ауылда медициналық ұйымдарда дәріхана дүңгіршектері ашылады.