«Өздеріңізге мәлім, биыл шілде айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында біздің министрлікке «ҚазАвтоЖол» мен «Казахавтодорды» біріктіріп, біртұтас автожол компаниясын құруды тапсырған болатын. Президент тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында біз аталған екі жол операторын біріктіру бойынша Үкімет қаулысының жобасын дайындап, ол Үкімет мүшелері тарапынан қолдау тапты. Осылайша, «ҚазАвтоЖол» мен «Казахавтодор» біртұтас жол компаниясына біріктірілді. Бүгін екі жол операторын қосу жұмыстары басталды. Таяу арада аталған компаниялардың облыстық филиалдарының әкімшілік-басқару персоналын қысқарту жолымен біріктіру жоспарлануда», – деп жазды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.

Сондай-ақ ол жыл басынан бері Мемлекет басшысының 95 тапсырмасының орындалғанын атап өткен. Олардың қатарында автокөлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын отандық зауыттарға кең көлемдегі тексеру жұмыстарының жүзеге асқаны, жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламаларының іске қосылуы, соңғы үш жылда салынған үйлерге ревизия жүргізілгендігі, арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыруға және АЭА Басқарушы компанияларының кадрлық құрамын нығайтуға арналған Жол картасы қабылдануы, халықаралық жүк тасымалын дамыту үшін ұйымдастыру іс-шараларының жоспары әзірленуі сынды жұмыстар бар.

Сонымен қатар ҚР ИИДМ басшысы халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобына жалдамалы тұрғын үйді субсидиялауға арналған өтінімдер қабылдайтын цифрлы платформасы мен тұрғын үй коммуналдық шаруашылықтың цифрлық жүйесі болып табылатын «Е-шаңырақ» ақпараттық жүйесінің іске қосылғанына тоқталған.

 «Қорытындылай айтқанда, Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары ерекше бақылауда және олар дер кезінде орындалуда», – деп атап өтті Қайырбек Өскенбаев.