Мемлекет басшысы 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына  Жолдауында денсаулық сақтау саласына қаржының жеткілікті бөлінбеуі жағдайға айналғанын, соның кесірінен азаматтар  сақтандыру жүйесіне қосылса да  оларға  медициналық қызметтер толық  көлемде  көрсетілмей отырғанын атап өтті.  

Денсаулық сақтау минитсрі саланы қаржыландыру тәсілдерін қайта қарап, мынадай іс-шараларды іске асыру ұсынылып отырғанын айтты:

  • тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шығыстарын (жыл сайын шамамен 200 млрд теңге) және халықтың 15 жеңілдікті санаты үшін мемлекеттің медициналық сақтандыру жүйесіне аударатын жарналарын қосымша қаржыландыру мәселесін пысықтау;
  • қаражатты әкімшілендіруді оңайлату және оны тиімді пайдалану үшін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі пакеттерінің қаржылық шығынын біріктіруді заң бойынша  реттеуді іске асыру жоспарланып отыр.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу жағдайында ерікті медициналық сақтандыруды толық іске қосу үшін медициналық көмектің бағыттары, ерікті медициналық сақтандыру қаражатымен жабылатын  қызметтер тізбесі айқындалатын болады, сондай-ақ шетелдіктер, атап айтқанда, еңбек мигранттары мен шетелдік студенттер үшін жүктелген медициналық сақтандыру заңнама бойынша бекітіледі және іске асырылады»,  — деді А. Ғиният.

Одан басқа ҚР Президенті 2023 жылдан бастап ауыл тұрғындарының медициналық көмекке сұранысын қанағаттандыруға арналған ұлттық жобаны іске асыруды тапсырды.

«Осы мақсатта біз «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске қосу және іске асыру үшін тиісті есептемелер жүргізіп, қажетті шараларды айқындадық. Ұлттық жобаның негізгі мақсаты: барлық ауылдық елді мекендерді нормативтерге сәйкес алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарымен қамтамасыз ету есебінен қалалық және ауылдық денсаулық сақтау арасындағы алшақтықты қысқарту, сондай-ақ ауыл тұрғындарына шұғыл медициналық көмекті  уақытылы көрсетуді арттыру болып табылады», — деді денсаулық сақтау министрі.

Ұлттық жоба аясында:

  • 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек объектісін салу, оның ішінде жаңа 228 объект және қолданыстағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек объектілерінің орнына 427 объект салу;
  • 32 көп бейінді орталық аудандық ауруханаларды ұйымдастыру, оның ішінде қолданыстағы 12 аурухананы жетілдіру қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар    «Алтын сағат» қағидатын сақтай отырып, инфаркт, инсульт, босану, жарақаттар кезінде және  басқа  жағдайларда шұғыл медициналық көмек көрсете алатын, сондай-ақ ірі қалаларға бармай-ақ, телемедицина және қашықтықтан медициналық қызметтер арқылы мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсете алатын жаңа көп бейінді орталық аудандық ауруханалар ашу қамтамасыз етіледі.

Ұлттық жобаны іске асыру:

  • ауыл тұрғындары арасында қан айналымы жүйесі ауруларының өлім-жітімін 20%-ға төмендетуге;
  • 4 миллионнан астам ауыл тұрғындарын сапалы, жедел және жоғары технологиялық медициналық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Жолдаудың негізгі бағыттарының бірі дәрігерлерді дайындау жүйесін жетілдіру болып табылады. Президенттің тапсырмасын іске асыру аясында медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көп бейінді университеттік аурухана мен клиника ашу қарастырылуда. Сонымен қатар, біз үш жыл ішінде резидентураға бөлінетін  грант санын жыл сайын 70%-ға, 2023 жылы 1 мың 700 болса, 2025 жылы 3 мың 400-ге дейін көбейтуді жоспарлап отырмыз», — деді А. Ғиният.