Елордалық Қазақстан халқы ассамблеясы Қостанайға гуманитарлық көмек жібереді. 5 қыркүйектен бастап қажетті заттарды қабылдау басталады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты. 

Естеріңізге сала кетейік, Қостанай облысындағы төтенше жағдайға байланысты Нұр-Сұлтан қаласының Достық үйі (Б.Момышұлы, 24/9) өрттен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинау штабын ашты. Гуманитарлық көмек тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерін, қираған үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіруге бағытталады. 

«Біз, Қазақстан халқы ассамблеясы Қостанай облысының тұрғындарына көмектесуді өзіміздің азаматтық парызымыз деп санаймыз, жерлестерімізді сауапты істе шет қалмауға және қолдан келгенше көмек көрсетуге шақырамыз. Біз ортақ игі іске өз үлесімізді қосуға дайынбыз!» – делінген елордалық Ассамблеяның хабарламасында.

Гуманитарлық көмек (киім, азық-түлік, жеке гигиена құралдары, төсек-орын) жинау мәселелері бойынша үйлестірушіге телефон арқылы хабарласуға болады: + 7 702 481 20 38, +7 701 466 0345.

Қостанай облысындағы өрттен жапа шеккен тұрғындарға түркістандықтар да көмектесуге ниетті. Облыс әкімдігінің мемлекеттік қызметшілері 1 күндік жалақыларын аударса, кәсіпкерлер де қаржылай көмектерін көрсетуде. Қазіргі таңда жиыны 70 млн.теңге қаржы Қостанай облысына көмек ретінде жиналды.

Арыстағы жарылыс, Мақтааралдағы төтенше жағдай кезінде ел болып қиындықты еңсерген Түркістан жұртшылығы

облыста бірнеше гуманитарлық көмек қабылдау пункттерін ашты. Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» ғимараты мен Түркістан қалалық «Amanat» партиясының жанындағы «Jastar ruhy» жастар қанатының коворкинг орталығы, «Қызыл жарты ай» қоғамдық қоры штабы, Шымкент қаласындағы облыстық әкімдіктің бұрынғы ғимаратында қостанайлықтарға берілетін көмек заттары жиналуда.

Қазақстан Халқы Ассамблеясының аудан-қаладағы филиалдары да көмек көрсетуде белсенділік танытуда.

Сондай-ақ 17 аудан, қалалық «Жастар ресурстық орталықтары» ғимараттарында гуманитарлық көмек жинақталуда.

Қазіргі таңда халыққа аса қажетті заттар:

- Төсек жабдықтары, көрпе-көрпеше, жастық, матрастар;

- Санитарлық жабдықтар;

- Ұзақ уақытқа жарамды консервіленген және жартылай фабрикатталған азық-түлік болып отыр.

4 қыркүйек күнгі мәлімет бойынша 1 камаз гуманитарлық көмек жөнелтіліп үлгерген.

Ал ертең, қосымша тағы да 20 тонналық 2-3 жүк көлігі гуманитарлық көмек Қостанай облысына жіберіледі.

 

Қарағанды облысының барлық қалалары мен аудандарында Қостанай облысында орман өрттерінен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинау пункттері ашылды.

Шараны Amanat партиясы ұйымдастырды.

Жәрдем ретінде тез бұзылмайтын тамақ өнімдері, гигиена құралдары, жылы заттар, тұрмыстық техника, құрылыс материалдары және т. б. қабылданады.

Тілек білдірушілер Қарағанды қаласы, Әлиханов көшесі, 4 мекенжайына немесе өз қалалары мен аудандарындағы Amanat партиясының филиалдарына гуманитарлық көмек әкелулеріне болады.

– Біз таңғы сағат 9-да пункттер аштық, ал 10-да алғашқы көмек келіп түсті, – дейді «Жастар рухы» Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Ержан Хамитов. – Армян диаспорасының өкілдері арнайы құрылған шотқа миллион теңге аударды. ҚР еңбек сіңірген қайраткері Amanat партиясының белсендісі Меруеш Башай зардап шеккен қостанайлықтарға киім алып беруге 500 мың теңге берді. Біздің облыста қайырымды тұрғындар өте көп. Адамдар қажетті заттарды әкеліп жатыр, ақша аударып, қолдарынан келген көмектерін аямай жатыр.

Акцияға жедел түрде көптеген партия мүшелері, кәсіпкерлер мен өңір тұрғындары қосылды.

«Жастар рухы» жастар қанатының еріктілері қатарынан топ құрылды.

30-ға жуық адам азық-түлік пен қажетті заттарды сатып алумен айналысуда.

Бүгін, 5 қыркүйекте барлық өңірлерден жиналған көмек Қарағандыға жеткізіледі. Заттар Amanat партиясының облыстық филиалында Әлиханов көшесі, 4 мекен-жайы бойынша сұрыпталады. Содан кейін көмек жүк көліктеріне тиеліп, Қостанай облысына жіберіледі.

– Бізге еріктілер, әсіресе ер адамдар керек. Сағат 17:00-де келіп түскен гуманитарлық көмекті бөлшектей бастаймыз. Келіңіздер, игі іске ат салысыңыздар, – деді Ержан Хамитов қарағандылықтарға.

Естеріңізге сала кетейік, Қостанай облысында орман өрті ауқымды аумақты шарпыған болатын. Өңірде жергілікті ауқымдағы ТЖ режимі жарияланды.

Өз кезегінде Атырау облысынан қостанайлықтарға 30 тонна гуманитарлық көмек жіберілді.

Дала өртінен зардап көрген Қостанай облысының тұрғындарына атыраулықтар 30 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің тапсырмасы бойынша Атырау қаласы мен аудандарда арнайы штабтар құрылды. Штаб өкілдері бүгін таңғы сағат 9:00-ден бастап азық-түлік, киім-кешек, жеке гигиеналық құралдар мен төсек-жабдық жинап, көліктерге тиеп жіберді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Қайырымдылық шарасына тұрғындар, әкімдік қызметкерлері мен мәслихат депутаттары, жергілікті кәсіпкерлер мен еріктілер жасағы жұмыла ат салысып жатыр.

- Қостанай облысындағы қайғылы оқиға кімнің болмасын қабырғасын қайыстырмай қоймады. Сол үшін штабта жан-жақтан көмек жинап, оны жүк көліктеріне тиеп, кезең-кезеңімен жібереміз. Мұндай қиын сынақтан жұдырықтай жұмылып, бір ел болып өте аламыз. Қазір Қостанай облысындағы «Amanat» партиясы филиалының басшысымен байланыста отырмыз. Біз көрсетіп отырған көмектен бөлек, жапа шегушілерге тікелей қаражат жіберем деушілерге банк шоты ашылды. Алдағы уақытта бұл есепшоттың нөмірі қосымша хабарланады,-деді «AMANAT» партиясының Атырау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Абдолла Идресов.

Абдолла Идресовтің мәліметінше, бірінші қажеттіліктегі заттар салынған алғашқы 10 жүк көлігі жолға шықты. Қалғаны Қостанай облысына жақын уақытта жөнелтіледі.

Штаб құрамында «Жастар рухы» жастар қанатының мүшелері де белсенді ат салысып отыр.

- Ауыр хабарды естігелі бері барымызды салып, ерікті ретінде тауарларды көліктерге тиеп жатырмыз. Біз Қостанаймен біргеміз. Көмек көрсетуге дайынбыз. Осындай қайырымдылық шараларына жастарды белсенді ат салысуға шақырамыз,-деді ерікті Заманбек Құрақбай.

Бұдан бөлек, баспанасынан айырылған қостанайлықтарға көмек көрсету үшін Атырау облысы бойынша арнайы чат ашылды.

- Чатқа қосылған азаматтар ақшалай және заттай көмек көрсетуге дайын екенін жазып отыр. Екі күн бойына керек-жарақтың бәрін жинап, кейін жөнелтеміз деп отырмыз. Қазірдің өзінде 20-ға жуық жүк көлігі сақадай-сай тұр. Алмалы ауылы және Махамбет ауданынан да жүк көліктері келе жатыр,-деді Нұрлан Жонасов.

Жамбыл облысы да көршімізді қиындықта қалдырмаймыз деп, көмек ұйымдастыруға кірісіп кетті. Төтенше жағдайда қиындықтан шығудың маңызды ережесі - өзара көмек және бірлік. Қазақтардың ежелден келе жатқан дәстүрі осындай. Ғасырлар бойы құндылықтар мен дәстүрлер өзгермейді.

Қостанай облысында басталған табиғи өрттер және көп зардап шеккен отбасыларының балалары туралы хабардан кейін Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов зардап шеккен аудандарға гуманитарлық көмек көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі жедел штаб құруды тапсырды.

Ақтөбеліктер көрші өңірдің Әулиекөл, Ұзынкөл және Қарабалық аудандарының тұрғындарына моральдық және материалдық гуманитарлық көмек көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.

Ақтөбе облысының әкімдігі көрші облысқа дәрі-дәрмектер, киім-кешек, азық-түлік, жеке гигиена заттары және т.б. гуманитарлық автокеруен жіберді.
«AMANAT» партиясының филиалдарында 13 гуманитарлық көмек пунктері ашылды. Оған немқұрайлы емес азаматтар киім, төсек-орын жабдықтарын және бірінші кезекте қажетті заттарды алып келуде.

"AMANAT" партиясының Қызылорда облыстық филиалы Қостанай облысының тұрғындарын қолдау мақсатында гуманитарлық көмек қабылдау пункттерін ашты.

Қажетті заттар:

- бұзылмайтын Тамақ өнімдері;

- жылы киім;

- Тұрмыстық техника;

- құрылыс материалдары.

Қаржылық көмек үшін жақын арада арнайы банктік шот ашылады.

Қала мен аймақтардағы көмек пункттерінің мекен-жайлары төменде көрсетілген.