Оның айтуынша, автожанар-жағармай станцияларында сараланған бағалар енгізілді. Дизель отынының лимиттелген көлемін босату бойынша бақылауды іске асыру мақсатында толықтырулар енгізіледі.


«Сонымен қатар вагон-цистерналарды беру саны ұлғайды, дизель отынын орташа тәуліктік тиеп-жөнелтудің өсуі тамыздың бірінші жартысындағы 15,6 мың тоннадан айдың соңында тәулігіне 18,9 мың тоннаға дейін қамтамасыз етілді, яғни өсім 21,7%-ды құрады. Мұнай өнімдерінің басқа түрлерін тек ҚР МӨЗ-дерінен экспорттауға рұқсат етілген. Дизель отынының қалдықтары бойынша жағдайы ең қиын өңірлерге басымдықпен жөнелту жүзеге асырылады. «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазмұнайгаз» компаниясы Үкімет тапсырмасы шеңберінде қыркүйек-қазан айларында дизель отынының қажетті көлемін импорттауға арналған келісімшартқа қол қойды. Сондай-ақ жанар-жағармай бағасын негізсіз көтеру және сатудан бас тарту мәселелері бойынша азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою үшін Энергетика министрлігінде және ірі автожанармай құю станциялары желілерінде «колл-орталықтар» құрылды»,  -  деді спикер.


Ведомство басшысы жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру бойынша жедел шаралар қабылдау үшін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссия құрылғанын атап  өтті.


Қалдықтардың мониторингі және жергілікті деңгейде шешімдер қабылдау үшін облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктері деңгейінде жедел штабтар құру жоспарлануда.