«Бірінші кезектегі міндеттер - тұрғын үймен қамтамасыз ету және үйреншікті өмірге қайта оралу. Бұл үшін Президент, Үкімет және «AMANAT» партиясы барлық жүйелі шараларды қабылдауда. Жүк жинап жүрген Қазақстанның барлық азаматтарына, қайырымдылық ұйымдарына, қоғамдық ұйымдарға, еріктілерге тағы да алғысымды білдіргім келеді. Сондай-ақ, бүгінгі таңда қостанайлықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, өрт сөндіруге қатысатын қызмет өкілдеріне, олардың отбасыларына қолдау көрсетіп, түсіністік танытқаны үшін шын жүректен алғыс айтқым келеді», - деп атап өтті депутат. 


Оның әріптесі, «AMANAT» партиясының Қостанай облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бибігүл Аққұжинаның айтуынша, өңірде алғашқы күннен бастап гуманитарлық көмек қабылдайтын 21 пункт жұмыс істеп келеді. Филиалдарда Әулиекөл ауданының тұрғындарына 50 тоннадан астам өнім жиналды, «Қайырымдылық KZ» арнайы шоты ашылды. 
Депутат та қол ұшын созғандардың барлығына алғысын білдірді және сақтау мерзімі қысқа заттарды жібермеуді сұрады.  

«Қазір зардап шеккендерге тұрмыстық техника тарту және құрылыс материалдарын жіберу мүмкіндігі қарастырылуда. Жалпы, ауыл тұрғындары азық-түлікпен, қажетті киім-кешекпен қамтамасыз етілген», - деді спикер.