ҰЭМ басшысы өз сөзінде Солтүстік Македония Қазақстанның сенімді серіктесі екенін атап өтіп, қатысушыларға жемісті жұмыс тіледі.

«Бүгінгі кездесу іскер топтар арасындағы қарым-қатынасты тереңдетуге септігін тигізетініне сенімдімін. Елдеріміздің арасындағы тауар айналымын өсіруге үлкен әлеуетіміз бар. Алдымызда екіжақты ынтымақтастықты күшейту бойынша маңызды міндет тұр. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, жаңартылатын энергия көздері, өнеркәсіп және туризм салаларында», - деп атап өтті ол.

Министр инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелеріне жеке тоқталып, ҚР ҰЭМ Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, ағымдағы жылдың маусым айында Үкімет қабылдаған инвестициялық саясаттың 2026 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасын әзірлегенін еске салды.

«Негізгі бағыттар туралы айтатын болсақ, ESG стандарттарын қолданудың өсіп келе жатқан үрдісінің маңыздылығын ескере отырып, тұрақты даму жобаларына инвестициялар тартуды ынталандыру және жеке сектордың инвестициялық белсенділігінің өсуіне жәрдемдесу жоспарлануда. Тұжырымдама аясында экономиканың бүкіл секторларындағы барлық инвестицияларға ортақ ашықтық идеологиясы қаланды», - деді Ә.Қуантыров.

Шетелдік инвесторлар үшін салықтық және кедендік жеңілдіктер, ал арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда заттай гранттар қарастырылған.

Бизнесті ашу, барлық қажетті рұқсат құжаттарын алу, оның ішінде шетелден арнайы мамандарды тарту рәсімдері автоматтандырылған және барлық қажетті құжаттар онлайн түрде ұсынылады.

«Соңғы бір жарым жыл ішінде біз инвестициялық белсенділіктің өсуін байқап отырмыз. 2021 жылы тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 38%-ға артып, 24 миллиард долларға жуықтады», - деп нақтылады ведомство басшысы.

Сонымен қатар, Мемлекет Басшысының Жолдауын іске асыру аясында кәсіпкерлікті жүйелі қолдау одан әрі жетілдірілетін болады.

«Бұл шараларды іске асыру аясында негізгі капиталға инвестициялар деңгейі ЖІӨ-нің 25,1%, ал 2026 жылға қарай тікелей шетелдік инвестициялардың жыл сайынғы жалпы ағыны 25,5 млрд-қа дейін өседі деп күтілуде», - деді министр.

Сондай-ақ, ол «Астана» Халықаралық қаржы орталығының базасында инвесторлар үшін бизнес жүргізудің теңдесі жоқ жағдайлар жасалғанын еске салды.

«Осыған орай, Солтүстік Македонияның бизнес қауымдастығын АХҚО алаңы мен әлеуетін инвестициялардың сенімділігі мен қауіпсіздігінің кепілі ретінде пайдалануға шақырамыз. Теңізге шыға алмайтын елдер ретінде біз бір-бірімізді өте жақсы түсінеміз, сондықтан екіжақты ынтымақтастықты дамытуға мүдделіміз», - деп түйіндеді Ә.Қуантыров.