Конференцияға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, ахметтанушы, алаштанушы ғалымдар, АҚШ, Ресей, Түркия, Мажарстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Башқұртстан, Татарстаннан ғалымдар қатысты.

Өзінің алғы сөзінде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ҚР Үкіметі жыл соңына дейін «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісін дайындап, мерейтойлық маркалар мен монеталарды жасап, айналымға енгізетінін атап өтті. Ахмет Байтұрсынов атындағы гуманитарлық ғылымдар саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығын беру ғылым саласы үшін тағы бір маңызды мәселе болмақ.

«ЮНЕСКО шеңберінде халықаралық деңгейдегі іс-шаралар өтеді. Келесі екі айда Парижде және Ыстанбұлда конференция өткіземіз. Анкара қаласында Ахмет Байтұрсынұлының ескерткіші қойылады. Сондай-ақ, Түркістан қаласында ЮНЕСКО аясында Мемлекет басшысының қатысуымен түркітанушылардың халықаралық конгресі өтеді. Ұлт ұстазының ғылыми шығармаларын халықаралық деңгейде дәріптеу мақсатында таңдамалық еңбектері орыс, ағылшын, түрік тілдеріне аударылады», – деді Саясат Нұрбек.