Оның мәліметінше, республикада астық сақтаудың жалпы сыйымдылығы 29,1 млн тоннаны, оның ішінде астық қабылдау кәсіпорындарында 12,6 млн тоннаны, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде 16,5 млн тоннаны құрайды. Көрсетілген сақтау сыйымдылығы өткен жылдардағы ауыспалы қалдықтарды ескере отырып, жаңа егінді сақтау үшін жеткілікті.

«Өңір әкімдіктерінің деректері бойынша дәнді дақылдардың жалпы түсімінің болжамды көлемі 18,3 млн тонна, оның ішінде бидай 13,4 млн тоннадан астам деңгейде болады деп күтіліп отыр. Бұдан басқа, республикада 3,1 млн тонна көлемінде ауыспалы астық қалдығы, оның ішінде 2,5 млн тонна бидай бар. Ауыспалы қалдықтарды ескере отырып,  жалпы астық  жинаудың күтілетін көлемі республиканың ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз ету, сондай-ақ экспортқа астықтың белгілі бір көлемін өткізу және тиісінше дәстүрлі нарықтарымызда сауда позицияларын сақтау үшін жеткілікті», - деді Тамабек. 


Вице-министр  егін жинау науқанын табысты өткізудің негізгі мәселесі - фермерлерді қаржы-қаражатпен қамтамасыз ету екенін атап өтті.

«Биыл «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ желісі бойынша көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру сомасы 140 млрд теңгені құрады. «Кең дала» бағдарламасы аясында 111,2 млрд теңге сомасына 3,7 мыңнан астам өтінім қаржыландырылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асырды, соның арқасында 80 млрд теңгеге 1,137 млн тонна астық жеткізу көлемі бойынша келісімшарт жасалды», - деді спикер.


Жиын-терім науқанының барысы министріліктің тұрақты бақылауында.