«CLAAS Group» компаниясы былтыр Петропавлда комбайндарды, тракторларды, егіс кешендерін және астық жинау машиналарын құрастыратын зауытты іске қосты. Бүгінге дейін өнімділігі жоғары комбайндарды қосқанда 400-ден аса техника құрастырылды.

Сондай-ақ Президентке ауыл шаруашылығы техникасы мен оның құрамдас бөліктері өндірісін оқшаулау шаралары туралы баяндалды.

Мемлекет басшысы еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің айтарлықтай әлеуетін атап өтіп, ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту мен жергілікті қамтуды арттырудың маңызды екенін айтты.

Кездесуде ынтымақтастықтың дамуына оң баға берілді.

Сонымен қатар Катрина Клаас-Мюльхойзер СҚО-ға баруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Айыртау ауданында шаруалармен кездесуінде мәлім етті.

«14 қыркүйекте облысымызға CLAAS компаниясының иесi Катрина Клаас-Мюльхойзер және Horsch компаниясының иесi келедi. Бiз кәсiпорынның болашақтағы дамуы туралы айтатын боламыз. Олар жақсы жұмыс iстедi. Өткен жылы 90-нан астам техника құрастырылса, биыл 300-ге жеттi», — дедi облыс әкiмi.