1941 жылы Шымкент теміржолының еңбекшіл жастарының бастамасымен бүкіл республика бойынша бір жыл ішінде танк легін құруға жететін ақшалай қаражат жиналды. 1942 жылғы 15 қыркүйекте «Қазақстан комсомолы» деген жазуы бар 46 танк әскерлерге берілді. Бұл жауынгерлік машиналар Ұлы Отан соғысының шайқастарына қатысты. Кейбір куәгерлердің естелігіне сүйенсек, Берлин түбіндегі шайқастарға да Қазақстанда жасалған бірнеше танк қатысқан.

Бүгінгі таңда соғыс тактикасындағы айтарлықтай өзгерістерге және қару-жарақтың жаңа түрлерінің пайда болуына қарамастан, танктер әлемнің көптеген дамыған елдері армияларының негізгі жауынгерлік құрамдас бөлігі болып қала береді. Сенімді сауыты, жоғары маневрлік және атыс қуатының арқасында танктер жердегі ұрыс кезінде кеңінен қолданылып келеді.

Отандық танкистер жауынгерлік әзірлігі мен қабілетін арттыру үшін үнемі кәсіби шеберлігін жетілдіру, жаңа тактикалық тәсілдерді енгізу бойынша жұмыс істеуде. Қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың тәжірибесіне сүйене отырып, Қазақстан әскері де қарсыласқа  тойтарыс беруге және шығындарды азайтуға мүмкіндік беретін «Танк каруселі» және «Сақ қорғаны» жауынгерлік машиналарын қолдану тәсілдері сәтті сыналды.

Танк бөлімшелерінің тапсырмаларды сапалы орындауы көбінесе экипаждардың шебер және үйлесімді әрекеттеріне байланысты. Сол себепті танкистерді дайындауға көп көңіл бөлінеді. Офицер кадрлардың басты ұстаханасы – Алматыдағы Құрлық әскерлерінің әскери институты. Ал танк әскерлерінің кіші мамандарын оқыту Гвардейск гарнизонындағы оқу-жаттығу орталығында жүзеге асырылады.

Жауынгерлік дәстүрді жалғастырушы қазақстандық танкистер кәсіби мерекелері қарсаңында  челлендж ұйымдастырып, оны Қарулы күштердегі әріптестері түгел қолдады. Ел қауіпсіздігінің сенімді қалқаны болған жауынгер-танкистер оқу-жауынгерлік тапсырмаларды толық орындап, кәсіби шеберліктерін ұдайы арттырып отырады.